ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСТЫ БАСЫМДЫҒЫ

Халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған маңызды міндеттердің бірі.
Президент әлеуметтік саясаттың басты мақсаты азаматтардың нақты қажеттіліктеріне жауап беруі керектігін атап өтті. Бұл ретте жұмыспен қамтуды арттыру, еңбек нарығын дамыту, әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту және халықтың табыс көздерін кеңейту маңызды бағыттар ретінде белгіленді.
Бұл міндеттер Ұлытау облысы үшін де өзекті. Өңір экономикасының негізгі тірегі – өнеркәсіп саласы. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7 пайызға өсті. Өндірістік әлеуеттің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларында өнеркәсіптік кәсіпорындармен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға да басымдық беру маңызды. Ал Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және жергілікті өндіріс бағыттарын қолдау ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру барысында әлеуметтік көмектің тиімділігіне, оның нақты мұқтаж азаматтарға жетуіне және еңбекке қабілетті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына басымдық берілуі тиіс.
Халықтың табысы мен тұрмыс сапасының артуы – экономикалық дамудың ең маңызды нәтижесі.



