Қытайлық сарапшылар Президент Жолдауына пікір білдірді

Бейжіңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы талқыланды. Жиында Қазақстандағы тың өзгерістер мен халықаралық бастамалар туралы айтылды. Іс-шараға Қытайдың жетекші ғылыми-зерттеу және сараптамалық орталықтарының өкілдері қатысты. Оларға әлеуметтік-экономикалық даму, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту сияқты басым бағыттар бойынша мәлімет берілді. Бірқатар сарапшы баянадама жасап стратегиялық құжатқа қатысты өз пікірлерін білдірді.
Сюй Тао, Еуразияның әлеуметтік дамуын зерттеу институты басшысының орынбасары: — Президент Тоқаевтың Жолдауымен мұқият танысып шықтым. Бұл халыққа үндеу ғана емес, Қазақстанның келешек даму бағытын айқындайтын ауқымды стратегиялық құжат дер едім. Бұл елдің саяси реформалар кезеңін аяқтап, экономиканы белсенді жаңғыртуға көшкенін көрсетеді. Ал ірі инфрақұрылымдық жобалар көлік, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы қазақ-қытай ынтымақтастығын тереңдетуге жол ашады.



