Новости

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Қазалы ауданына жұмыс сапары кезінде Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті.

 

Кездесуге жиналған жұртшылық ұсыныс-пікірлерін айтып, әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобалар туралы сауалдарын қойды.

 

Бұдан кейін аймақ басшысы Әйтеке би кентінде бой көтерген жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

 

«Бүгінде өңірімізде Мемлекет басшысының қолдауымен ауылды дамыту, аймақтардың әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, кәсіби және бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Міне, Өздеріңізбен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Әйтеке би кентіндегі кезекті

дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне куә болудамыз.

Мұнда қазақ күресі, үстел теннисі, волейбол, футбол, гандбол, баскетбол, дзюдо сынды спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Нысанда бір күнде 150 спортшы жаттыға алады.

Жаңа спорт кешені дені сау ұлтты қалыптастыруға қызмет етіп, осында жаттығушылар арасынан әлемдік ареналарда Тәуелсіз Қазақстанның көк Туын көкте желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз», — деді аймақ басшысы.

 

Шарада ҚР спорт шебері, бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Зарина Толыбай, еңбек ардагері Әлімбай Қасқырбай сөз сөйлеп, ел ағасы Самұрат Имандосов бата берді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар, спорт кешенін салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Жыл басында Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында да дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған болатын. Жалпы ауданда спортпен шұғылданушылар саны 35 мыңнан асты.

Спортшылар халықаралық турнирлерден 3 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль, Қазақстан чемпионаттарынан 14 алтын, 19 күміс, 27 қола жүлде иеленді.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button