Новости

Astana Half Marathon 2026 шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты

Астанада бесінші мерейтойлық Astana Half Marathon өтті. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған елордадағы ең ірі жүгіру жарысы 7 000 қатысушының басын қосып, жарыс тарихындағы шетелдік спортшылар саны бойынша рекорд орнатты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Биыл жарыс жолына әлемнің 30-дан астам елінен келген 243 шетелдік желаяқ шықты. Шетелдік қатысушылардың ең көбі Ресейден – 91 адам, Өзбекстаннан – 28 және АҚШ-тан – 17 адам. Сондай-ақ жарысқа Қытайдан 15, Қырғызстаннан 14, Франциядан 11, Оңтүстік Кореядан 6, Ұлыбританиядан 6, Польшадан 5 және Германиядан 5 адам қатысты. Жарыс географиясы Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс пен Мұхит елдерін қамтыды.

Шетелдік қатысушылар арасында жарыстың жоғары сұранысқа ие болуының басты себептерінің бірі – қаланың негізгі көрікті жерлерін қамтитын бағыты. Бағыт Тәуелсіздік алаңынан басталып, «Арқар» және «Сығанақ – Мәңгілік Ел» көпірлері арқылы өтіп, «Ақорда», Есіл өзенінің жағалауы, «Бәйтерек» монументі, Abu Dhabi Plaza кешені және EXPO аумағын қамтыды. Мұндай маршрут қала қонақтарына спорттық іс-шараға қатысып қана қоймай, Астананың заманауи сәулетімен және көрнекті орындарымен танысуға мүмкіндік берді.

«Жыл сайын Astana Half Marathon әлемнің әртүрлі елдерінен келетін қатысушылар санын арттырып келеді. Бұл жарыстың халықаралық мәртебесінің өсіп келе жатқанын және Астананың әлемдік жүгіру картасындағы орнын нығайтып жатқанын көрсетеді. Мұндай қызығушылықтың себептерінің бірі – ұйымдастыру деңгейінің жоғары болуы. Astana Half Marathon Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығына (AIMS) кіреді, ал оның бағыттары World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Бұл қашықтықтың дәлдігін және нәтижелердің әділдігін қамтамасыз етеді. Сондықтан көптеген тәжірибелі желаяқ жеке рекордын жаңарту үшін Астанадағы жарысты таңдайды.

Жүгіріп өткен қала көшелері олардың жадында сақталады.

Astana Half Marathon – елорда үшін өзін мыңдаған қатысушы мен қонаққа әкімшілік орталық ретінде ғана емес, сонымен қатар заманауи, белсенді әрі ашық қала ретінде таныту мүмкіндігі», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Спорттық бағдарламамен қатар ұйымдастырушылар экологиялық бастамаларды да дамытуды жалғастырды.

Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жарыс бағыты бойында және старт-мәре қалашығында қоқыстарды бөлек жинау пунктері және қатысушылар мен қонақтарға арналған интерактивті экологиялық аймақтар жұмыс істеді.
EcoNetwork-пен серіктестік аясында жиналған қайта өңдеуге жарамды қоқыстың бәрі қайта өңдеуге жіберіледі.
Astana Half Marathon жарысының басты экологиялық жаңалықтарының бірі – PET 1 таңбасы бар, 100 пайыз қайта өңделетін пластиктен жасалған бір реттік стақандар. Олар барлық тамақтану орнында пайдаланылып, жарыс аяқталғаннан кейін экологиялық еріктілер қайта өңдеуге жіберу үшін жинастырды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай тәжірибе Қазақстандағы бұқаралық жүгіру жарыстарында алғаш рет енгізіліп отыр.

Қордың экологиялық бағыттағы жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, Astana Half Marathon жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button