Новости

Ұлытау облысында мәдениет саласы қарқынды дамып келеді: «Көкмайса–2026» фестиваліне дайындық аяқталу үстінде

2026 жылғы 3 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2026 жылы мәдениет саласында атқарылатын ауқымды жұмыстар, “Көкмайса-2026”» тақырыбында брифинг өтті. Спикер ретінде Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Табылдин Мағжан Еренғайыпұлы сөз сөйледі.

Брифинг барысында өңірдің мәдениет саласындағы бес айлық жұмыстарының қорытындылары мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Бүгінде облыста 105 мәдениет ұйымы халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 39 мәдениет үйі мен ауылдық клуб, 51 кітапхана және облыстық басқармаға бағынысты 15 мекеме жұмыс істейді. Салада жалпы 1153 қызметкер еңбек етеді. Олардың 65,5 пайызы әйелдер болса, 34,5 пайызы ер азаматтар. Сонымен қатар, 205 жас маман мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосуда.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай 13 сала қызметкеріне облыс әкімінің арнайы номинациялары мен ақшалай сыйақылары табысталды. Сондай-ақ бір қызметкер «Құрмет» орденімен, бір қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен және бір қызметкер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Саланы қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Егер 2024 жылы мәдениет саласына 2,79 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,27 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылы 3,5 млрд теңге қарастырылған.

Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында биыл 636,5 млн теңге бөлініп, 3197 баланы қамту жоспарланған. Бағдарлама бойынша 25 өнім беруші жұмыс атқаруда.

Брифинг барысында мәдениет нысандарын жаңғырту жұмыстары туралы да айтылды. Атап айтқанда, С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалы-драма театры ғимаратына 2,7 млрд теңге көлемінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар Жезқазған қалалық Халықтар достығы мен мәдениеті үйін жаңғырту, аудандық және ауылдық мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жалғасуда.

Биыл Жезқазған қаласында Конгресс-орталығының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жоба Ұлытау облысының әкімдігі мен «Kazakhmys Corporation» ЖШС арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылады.

2026 жылдың бес айында облыстың мәдениет және өнер мекемелерінде 620 ірі мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Алдағы уақытта өңірде бірқатар ауқымды мәдени жобалар өтеді. Олардың қатарында 27 маусымда өтетін «Көкмайса – даланың тірі тарихы» этномәдени фестивалі, қыркүйек айында жоспарланған «Ұлытау үні» және халықаралық «Жезкиік» фестивальдері бар.

Театр өнері саласында репертуар екі жаңа қойылыммен толықты. Көрермен назарына Уильям Шекспирдің «Макбет» және Дулат Исабековтің «Көке» спектакльдері ұсынылды. Сонымен қатар театрдың гастрольдік сапарларына бөлінетін қаржы көлемі едәуір ұлғайып, өнер ұжымы Қостанай мен Арқалық қалаларында «Ұлытаудан сәлем» гастрольдік бағдарламасын өткізді.

Кітапхана саласында 52 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Есепті кезеңде 26 мыңнан астам оқырман тіркеліп, 554 мыңнан астам кітап берілімі жүзеге асырылды. Ал музейлерде 2 468 экскурсия, 232 дәріс және 115 көрме өткізіліп, 43 мыңнан астам келуші қамтылды.

Спикер тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Облыс аумағында 490 жергілікті және 17 республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші бар. Биыл археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстарына 100 млн теңге бөлініп, бірнеше маңызды нысанда ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін дамыту жұмыстары жалғасуда. Кешен аумағында абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және жаңа цифрлық экспозиция әзірлеу шаралары іске асырылуда. Жыл басынан бері кешенге 4 мыңға жуық турист келген.

Брифингтің негізгі тақырыптарының бірі – «Көкмайса – даланың тірі тарихы» фестивалі болды. 2026 жылғы 27 маусымда Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылы маңындағы Толағай тауының етегінде өтетін этномәдени фестивальге 10–15 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.

Фестиваль бағдарламасында этноауылдар көрмесі, ұлттық салт-дәстүрлердің сахналық көрсетілімдері, қолөнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық спорт түрлері, концерттік бағдарламалар және Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады.

Шараның басты ерекшелігі ретінде бір мезетте 500 биені сауу рәсімі мен «Қымызмұрындық» дәстүрінің көрсетілімі жоспарланған. Сонымен қатар бес өңірдің этноауылдары таныстырылып, 50 құрақшының қатысуымен ауқымды көрме өтеді.

Брифинг соңында спикер мәдениет саласын дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи мұраны сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button