Новости

ШҚО онкологтары: скрининг пен профилактикаға басымдық беру

Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша онкологиялық қызметтің жұмысында оң динамика қалыптасып отыр. Сала мамандары бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша ілгерілеу бар екенін атап өтті: өлім-жітім деңгейі төмендеп, ауруды ерте анықтау көрсеткіші біртіндеп жақсаруда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас онкологы Гүлмира Сагидуллина мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 103,3-тен 95,1-ге дейін төмендеп, 7,9%-ға азайған. Сонымен қатар, ауруды ерте сатыда анықтау үлесі де 34,2%-дан 34,4%-ға дейін өсіп, оң өзгеріс байқалуда.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда онкологиялық қызметтің негізгі басым бағыты — аурудың алдын алу, скринингтік бағдарламаларды кеңейту және қатерлі ісіктерді мүмкіндігінше ерте кезеңде анықтау болып отыр. Бұл бағытта өңірде халықпен түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Профилактикалық шаралардың маңызды бөлігі ретінде ашық есік күндері ұйымдастырылып келеді. Жылдың алғашқы үш айында облыс бойынша осындай үш ауқымды іс-шара өткізіліп, оның барысында 2 850 тұрғын онколог мамандардың тексеруінен өтті.

Тексеру нәтижесінде 17 азаматта қатерлі ісікке күдік анықталса, тағы 101 науқаста обырға дейінгі өзгерістер тіркелген. Барлық науқастар толық медициналық тексеруге жіберіліп, тиісті мамандардың бақылауына алынды.

Дәрігерлердің айтуынша, онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау ем нәтижесіне тікелей әсер етеді. Ауру неғұрлым ерте кезеңде табылса, толық сауығып кету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Сондықтан скринингтік тексерулерден уақтылы өту және профилактикалық шараларға қатысу халық денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады.

ШҚО онкологтары алдағы уақытта да скринингтік бағдарламаларды кеңейтіп, тұрғындардың медициналық тексерулерге қолжетімділігін арттыруды жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button