
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Қожа Ахмет Ясауи жолындағы Ахилік» атты халықаралық симпозиум аясында Түркі мемлекеттеріне ортақ жаңа іскерлік ынтымақтастық моделі таныстырылды. Жиынға қатысқан Түркия Парламентінің депутаты, профессор Күршад Зорлы бауырлас елдердің экономикалық байланыстарын тарихи құндылықтар негізінде қайта жаңғырту бастамасын көтерді.
Күршад Зорлының айтуынша, Түркістан топырағында қалыптасқан, адалдық пен кәсіби шеберлікті ұштастырған «Ахилік» мектебін бүгінгі нарыққа бейімдеу – стратегиялық қажеттілік. Аталған жүйе Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы кәсіпкерлердің өзара сенімін нығайтып, ортақ сауда стандарттарын қалыптастыруға жол ашады.
«Қожа Ахмет Ясауиден бастау алған осы қасиетті дәстүрдің ізі Ахи Евран тұлғасы арқылы жалғасын тауып, жаңа сипатқа ие болды. Ендеше, аталған жүйені алдымен Түркия мен Қазақстан арасындағы іскерлік, сауда және мекемеаралық қарым-қатынастарға бейімдеу арқылы Атажұрттан Анажұртқа дейінгі ұлы серпілісті бастайық, содан кейін оны бүкіл Түркі әлеміне тараталық», — деп мәлімдеді ол.
Айта кетейік, 1-3 сәуір күндері симпозиум аясында ахилік дәстүрі Қожа Ахмет Ясауидің даналық ілімімен сабақтастықта қарастырылып, Түркі әлемінің ортақ мәдени бірегейлігін айқындайтын ғылыми баяндамалар жасалады.



