Ұлытау облысы: Балалар құқықтары жөніндегі форумда өңірдің белсенді жастары сөз сөйледі

2026 жылдың қаңтар айында еліміздің барлық өңірлерінен 40-қа жуық оқушы және 20 өңірлік бала құқықтары жөніндегі өкіл Ұлытау облысында маңызды кездесу мен форумға жиналды. Іс-шараны ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, ЮНИСЕФ және Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ұйымдастырды. Форум балалар мен ересектер үшін өз идеяларын ашық ортада ұсынуға және қоғамдағы өз рөлін көрсетуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында қатысушылар бала құқықтарын қорғау, балалар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыру, психологиялық қолдау және цифрлық қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты талқылады. Елімізде балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы таныстырылып, оның негізгі міндеттері мен өңірлердегі іске асырылу жолдары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар SAFE бастамасы аясында балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллингке қарсы іс-шаралар өткізу және волонтерлік жобаларды дамыту мәселелері қаралды.
Форумда Ұлытау облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Гүлмира Жаппасова өңірдегі жағдайға талдау жасап, балалардың пікірлерін жинап, олардың ұсыныстарын мемлекет пен қоғамға жеткізуге бағытталған жұмыстарға назар аударды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жасөспірімдер арасында жауапкершілік, әлеуметтік белсенділік пен құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараның ерекше бөлігі ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиевамен кездесуі болды. Өкіл балалардың атынан емес, олармен бірге сөйлесу және олардың өз құқықтарын қорғау жолдарын белсенді түрде көрсету маңызды екенін атап өтті:
«Балалардың құқығы туралы сөйлескенде, олардың пікірін тыңдап, белсенді қатысуына жағдай жасау – ең басты қағидат», – деді Динара Зәкиева.
Ұлытау облысының оқушылары да белсенділік танытып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Қ.Шыңғысов атындағы №5 мектеп оқушысы Болыс Мерей мен Әлкей Марғұлан атындағы мектептен Марлен Ұлту өз өңірлеріндегі балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін айтып, нақты шешу жолдарын ұсынды. Бұл ұсыныстар форум қатысушыларының, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық өкілдердің оң бағасын алды.
Форум барысында балаларға психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамгершілік және құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық бастамаларға қатысу мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар балалардың белсенділігін қолдау мақсатында арнайы тренингтер, воркшоптар мен волонтерлік жобалар ұсынылды.
Іс-шара соңында балаларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етіліп, олардың қоғамдағы рөлі мен бастамалары үшін алғыс білдірілді. Форум балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік жауапкершілік, еңбекке баулу және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Бұл форум өңірдегі жастар мен балаларды қолдау, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік қатысуға тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Алдағы уақытта Ұлытау облысында осындай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, балалар мен жастардың бастамалары қоғамда елеулі өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.



