Ұлытау облысында жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, елге адал қызмет етуге серт берді

Ұлытау облысында жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдап, өздерінің кәсіби өмірлерінде адал қызмет етуге және ел игілігі үшін еңбек етуге серт берді. Іс-шараға облыс әкім аппаратының басшысы Кеңгірбай Смағұлов және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы Ерлан Ермаханбетов қатысты.
Облыс әкім аппаратының басшысы Кеңгірбай Смағұлов жас мемлекеттік қызметшілерді маңызды қадамдарымен құттықтап, оларға артылар сенімнің жоғары екенін атап өтті:
«Мемлекеттік қызмет – бұл тек жұмыс емес, елге адал қызмет етудің үлкен жауапкершілігі. Бүгін ант қабылдап отырған әрбір жас маман халықтың сенімін ақтап, заң мен әділеттілікті басты қағида етіп ұстануы тиіс. Сіздер – мемлекеттің ертеңі, ел дамуының қозғаушы күші боласыздар», – деді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы Ерлан Ермаханбетов жас мамандарға кәсіби біліктілікті үздіксіз арттыру, мемлекеттік қызмет этикасы мен адалдық қағидаларын сақтау маңыздылығын түсіндірді. Ол мемлекеттік қызметтің тек жеке мансап емес, қоғамға және елдің дамуына үлес қосу жолындағы жауапкершілікті талап ететінін ерекше атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында жас мемлекеттік қызметшілер ант мәтінін оқып, ел игілігі жолында адал қызмет етуге, заңды сақтау мен әділдікті басты қағида етуге өз серттерін берді. Іс-шара қатысушылары атап өткендей, бұл рәсім жас мамандардың кәсіби өсуіне, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметке жастардың қызығушылығын күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Ұлытау облысында өткізілген бұл іс-шара мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және жас мамандардың ел дамуына қосар үлесін күшейтуге арналған тұрақты әлеуметтік және демографиялық саясаттың бір бөлігі болып саналады.



