Новости

Ұлытау облысында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні айрықша аталып өтті

Бүгін Ұлытау облысында ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» атты аймақтық форум кең көлемде ұйымдастырылды. Бұл күн – ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығына үлес қосып жүрген мыңдаған азаматтардың еңбегін дәріптейтін маңызды мереке.
Форум аясында қонақтар «АгроQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесін тамашалап, заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен, жергілікті өнімдермен және жаңа инновациялық жобалармен танысты. Көрмеде ұсынылған озық технологиялар өңір фермерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған.
Іс-шараға Мәжіліс депутаты, Аграрлық комитет төрағасы Серік Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин және Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма басшысы Жигули Дайрабаев арнайы қатысып, ауыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтады.
Форумда сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, үздік еңбеккерлерге құрмет көрсетіп, арнайы марапаттар табыстады.
«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға айрықша мән беріп отыр. Соның арқасында биыл біздің өңірге де айтарлықтай қолдау көрсетілді. Агроөнеркәсіп субъектілерін субсидиялауға 4,4 млрд теңге бөлініп, шамамен 780 шаруашылыққа нақты көмек көрсетілді. Олар техникаларын жаңартып, жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс тиімділігін арттыра алды. Жыл басынан бері 200-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Облыс құрылғаннан бері салаға 8,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал 2024 жылдың басынан бері 2,5 млрд теңге инвестиция құйылып, бұл көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 46 пайызға өсті. Бұл – ауылдың дамуы мен еңбеккерлердің маңдай терінің нәтижесі», – деді өңір басшысы.
Форум барысында фермерлерді сапалы ресурс­тармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, суармалы жерлерді көбейту, техниканы жаңғырту және агросекторды цифрландыру мәселелері талқыланды. Мал шаруашылығы саласындағы қолдан ұрықтандырудың жаңа инновациялық бағдарламасы таныстырылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Фермерлер үшін бұл форум тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге және жаңа бастамаларды дамытуға тиімді алаңға айналды.
Бұл мереке – ауылдың тірегі болып жүрген еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, олардың еселі еңбегіне құрмет көрсетуге арналған ерекше күн екені тағы бір мәрте атап өтілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button