Ұлытауда мұғалімдерге арналған жасанды интеллект бойынша кездесө өтті

Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында «Цифрлы педагог: жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану» тақырыбы бойынша білім саласының мамандарымен кездесу өтті.
Кездесудің құрметті қонағы – «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова партиядағы мұғалімдерге қатысты жобалар мен жаңандану дәуіріндегі жасанды интеллекттің маңыздылығы жайлы айтты.
«Партия екі жыл қатарынан «Мұғалім Talks» жобасын ұйымдастырып келеді. Қаншама жыл ұстаздық жолда болдым. Бұл жоба өте қажетті жоба екенін мен жақсы білемін. Өйткені оған келіп жүрген мұғалімдер, қаншама жылғы еңбек тәжірибесі бар мұғалімдер, осы жобаға қатысып, өз еңбегіне баға берді. Оның беріп жатқан нәтижелері өте жақсы. Сол жерде көтерілген мәселелер депутаттық сауал ретінде де айтылады. Мәжіліс пен ұстаздар арасындағы төте жолға айналды. Мұғалімнің мәртебесі жайында Парламентте жиі айтылып жүр. Партия Төрағасы екі жыл қатарынан осы жобаға қатысып, айтылған уәделердің қаншалықты орындалып жатқанын айтып өтті. Бүгінгі іс-шарада тақырып жасанды интеллект туралы болды. 200 мұғалім қатысып, өздерінің ЖИ туралы жобаларын жолдады», – деді Шолпан Таңатқанқызы.
«Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығының директоры Ерлан Әбдіманов орталық дайындаған жобамен таныстырды.
«AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асып отырған жоба мұғалімдерге жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды үйретеді. Арнайы қосымшаны жазып алып, тіркеліп, ондағы курстарды өтіп, соңында өз жобаңызды ұсына аласыз. Жобаны жасаушылар ең үздік 20 жоба иесін анықтап Оңтүстік Корея еліне тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға тегін жолдама береді.
Ұлытау ауданынан келген ұстаз Маржан Аханова жасанды интеллектіні жетік меңгерген, осы салада үйретері мол маман. Кездесуде әріптестеріне өзінің жобасын таныстырып, ЖИ пайдаланудағы тиімді әдістермен бөлісті.


