Өркендеудің жаңа кезеңі: Ұлытау қай салада алға шықты?

Мемлекет басшысының Жарлығымен үш жыл бұрын Ұлытау жеке облыс болғаны белгілі. Іле-шала өңірді өркендетудің 2026 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді. Сол уақыттан бері қандай жұмыс атқарылды? Ұлытаудың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қаншалықты артты? BAQ.KZ тілшісі осы мәселеге қатысты шолуды ұсынады.
Экономикалық даму: Инвестиция көлемі ұлғайды
Кәсіпкерлік – кез келген өңірдің экономикалық тірегі. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Ұлытау өңірінде бұл саланың дамуы қарқындап келеді.
Шағын және орта бизнес субъектілері 2024 жылы 34,4% өсімімен 133,8 млрд теңгеге өнім шығарды. ЖӨӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,3%құраған. Бастапқы бизнесті іске асыру үшін жас кәсіпкерлер 500млн теңгеге қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға ие болған.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 15,1 млрд теңгеге 351 жоба қолдау тапты.
2024 жылы сауда және қызмет көрсету саласында 2,3млрд теңгеге 73 жаңа нысан ашылды.
Мұндай көрсеткіштер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың, сондай-ақ инвестициялық климаттың жақсаруымен тығыз байланысты.
2024 жылы облыс экономикасына 226,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Сондай-ақ, жеке инвестициялардың үлесі өсіп (2023 ж. – 78%), 89% құрады.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2024 жылы облыс бойынша жалпы сомасы 34 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба іске қосылды, 200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Өңдеу секторын дамытуға көңіл бөлінді
Облыста баса көңіл бөлініп отырған бағыттың бірі – өңірді жергілікті өніммен қамтамасыз ету. Осы мақсатта дайын өнім шығаруға ниеттенген бизнес өкілдерін қолдау жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, бастапқы бизнесті іске асыру үшін жас кәсіпкерлер 500млн теңгеге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алды.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 15,1 млрд теңгенің жобасы қолдау тапты.
2024 жылы сауда және қызмет көрсету саласында 2,3млрд теңгеге 73 жаңа нысан ашылды.
Бұл өсім өндірістегі тұрақтылықтың және нарық сұранысына бейімделудің көрінісі.
Өңірді өз өнімдерімен қамтамасыз ету үшін агроөнеркәсіптік кешен саласында Жезқазған қаласында жұмыртқа өндіру бағытындағы құс фабрикасы және Жаңаарқа ауданында мал соятын цехы бар мал шаруашылығы кешені іске қосылды.
2024 жылы Жаңаарқа ауданының «Uly Dala Co» компаниясы Катар мемлекетіне ұсақ малдың 5 тонна етін экспорттады. Жақын арада Иорданияға ет экспорттау жоспарлануда.
Жоғарыда аталған жаңа өндірістерді құру және тұрақтандыру қорының жұмыс істеуі есебінен (2022 ж. қараша) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруына мүмкіндік берді. Мысал ретінде, 2024 жылы ӘМАТ бағасының индексі — 97,9% құрады.
Құрылыс: Инфрақұрылым дамып, тұрғын үй салынды
Құрылыс саласы – өңірдегі экономикалық белсенділіктің тағы бір айқын көрсеткіші. Бұл салада да серпінді өсім бар.
Тұрғын үй құрылысы саласында 29 үй (6 жалға берілетін, 11 кредиттік және 12 коммерциялық) бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 2024 жылы 9 үй (1 жалға берілетін, 3 кредиттік және 5 коммерциялық) аяқталып, 500 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 100-ден астам пәтер сатып алынды.
«UlytauZhastary» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы аясында Отбасы банкімен бірлесіп, 45 жас азаматқа пәтер сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінеді.
Сондай-ақ, 2025 жылы 29 үйдің (5 жалға берілетін, 9 кредиттік және 15 коммерциялық) құрылысы жалғасады. Оның ішінде 24 үйдің (5 жалға берілетін, 8 кредиттік және 11 коммерциялық) аяқталуы жоспарланған. Бұл 800-ден астам пәтер.
Жаңа баспаналар өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, жас отбасылардың өңірде тұрақтап қалуына, көші-қон үдерістерінің оңтайлануына сеп болуда.
Өмір сапасы: Жаңа жұмыс орындары ашылды
Облыстың экономикалық даму қарқыны тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Жоғарыда аталған салаларда – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және кәсіпкерлікте жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында 2024 жылы 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған (2023 ж. — 10,5 мың адам). Ал, жұмыссыздық деңгейі – 4,1%, бұл жалпы республикалық көрсеткіштен төмен (ҚР — 4,6%, 2 орын). Орташа айлық жалақы 8,4%-ға өскен.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар ауылдық жерлердегі халықтың белсенділігін арттырып, өңірден сыртқа көшу көрсеткішін төмендетуге сеп болып отыр.
Сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылым – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында да жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар екені сөзсіз.
Білім саласы: жаңа мектептер салынды
Облыста 2024 жылы дарынды балаларға арналған және аутизмі бар балаларды қолдау орталықтары ашылды, Жезқазған қаласында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта 200 орындық жатақхана салынды.
28 білім беру нысаны (23 мектеп, 4 балабақша, 1 білім бөлімінің ғимараты) жөнделіп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ыңғайлылық үшін 10 шағын автобус сатып алынды. Жезқазғанда, Теректі аулында мектеп, Сәтбаев қаласында оқушылар сарайы, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Жәйрем кентінде балабақша салынды. Осының нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 78,5%-дан 95,4%-ға дейін өсті.
Болашақта 2,7 млрд теңгеге 160 оқушыға арналған 2 мектеп және облыс орталығында 400 орындық Оқушылар сарайын салу жоспарлануда.
Ауыз су: Өзекті мәселелер де күн тәртібінде
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – Ұлытау өңірі үшін аса өзекті мәселенің бірі. Облыс қайта құрылғаннан бері бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды.
Қалаларда ауыз сумен қамтамасыз ету 100%-ды, ауылдық елді мекендерде 97,5%-ды құрайды. Соңғы жылдары 316 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері, 49 км жылу желілері жаңғыртылып, жөнделген көрінеді.
Дегенмен ауыз су облыс орталығы халқын толғандыратын ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Халық тұтынатын судың 70%-ы Кеңгір су қоймасынан, 30%-ы жер асты су көздерінен алынады. Кеңгір суының сапасы көңіл көншітпейді. Сондықтан бірнеше жылдан бері Үйтас-Айдос топтық су құбырын қайта жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 13,7 млрд теңге бөлініп, 51 шақырым су құбыры салынған.
Сорғы станциясын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылы «Үйтас-Айдос» жобасының I кезеңі аяқталды. Биыл II кезең аяқталады деп жоспарланған. Жобаны толық аяқтау 2027 жылға межеленген.
Жоғарыда аталғандай, облыс болғаннан бері Ұлытау өңірінде бірқатар іс-шаралар атқарылып, жекелеген салаларда өсім байқалды. Бірқатар ірі жобалар жүзеге асты, жаңа нысандар салынды, жалпы өңірлік өнім артты. Дегенімен, бұл аймақта шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес. Ол – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерді жақсарту, кәсіпкерлікті қарқындату, жол сапасын, туризмнің дамуын арттыру.
Алдағы жылдардың еншісінде қойнауы кенге толы, инвеститциялық тартымдылығы зор облыстың алдында осы межелерді бағындыру міндеті тұр.