Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

Шығыс Қазақстанда қыс мезгілі күтпеген мінез көрсетуі мүмкін. Қалың қар, температураның күрт төмендеуі, боран мен аяз құтқару қызметтерінен жоғары дайындықты, нақты іс-қимыл мен үйлесімді жұмысты талап етеді. Дәл осы себепті, «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында облыста қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою кезіндегі басқару органдары мен азаматтық қорғау қызметтерінің іс-қимылдары пысықталды.

Оқу-жаттығу облыстық жедел әрекет ету жасағының жиналуымен басталды, оның мақсаты — күштер мен құралдардың жедел алға жылжуға дайындығын тексеру және өзара іс-қимылды пысықтау болды.

Оқу-жаттығудың келесі кезеңі — қаладағы техногендік апат. Мұнда учаскелердің бірінде жылумен жабдықтау құбыры жарылып, салдарынан қала аудандарының біріне жылу берудің бұзылу қаупі төнді. Қазандықтағы электр жабдықтарының тұтануы жағдайды одан әрі қиындата түсті. ШҚО ТЖД бөлімшелері өрт болған жерге жедел жетіп, өртті сөндіруге кірісті және оны кәсіби түрде ауыздықтады. Зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер жылу құбырында апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын өрістетті.

Ауа райының суытуы мен жылу берудің бұзылу мүмкіндігін ескере отырып, қалалық қызметтер аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында зардап шеккен халықты қабылдау пунктін ұйымдастырды. Мұнда адамдарды уақытша орналастыру тәртібі мен жұмылдырылған күштер мен құралдардың өзара іс-қимылы пысықталды.

Бұдан кем түспейтін күрделі сценарий «Өскемен – Тарғын – Самар» автожолының 98-шақырымында орын алды. Қалың жауған қар, екпінді жел және ауа температурасының күрт төмендеуі бір учаскедегі екі жерде қар көшкінінің жүруіне түрткі болды. Жолдағы қозғалысты қар массасы бөгеп, екі жағынан да көлік кептелісі пайда болды. Нәтижесінде қар құрсауының астында жолаушылары бар жеңіл автокөлік қалып қойды, ал ішінде балалары бар автобус екі көшкіннің арасында бұғатталды. Іздестіру жұмыстарына ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері кірісті. Кинологиялық есептердің көмегімен құтқарушылар автокөлікті тауып, қар құрсауынан зардап шеккендерді шығарды. Апаттар медицинасы орталығының мамандары оларға алғашқы көмек көрсетіп, одан әрі ауруханаға жатқызу үшін облыс орталығына тасымалдады. Балалар мен автокөлік жолаушылары құтқарушылардың өтімділігі жоғары техникасымен эвакуацияланып, жақын маңдағы уақытша орналастыру пунктіне орналастырылды. Жол қызметтері трассаны тазартты. Жұмысқа автогрейдерлер, шнекороторлар, су-тұз қоспасын шашатын техникалар мен құм шашқыштар тартылды.

«Мұндай оқу-жаттығулар жыл сайын өткізіліп тұрады. Біздің өңірде ауа температурасы төмен, боранды және қар көшкіні жиі болатын қыс өте қатал. Тек өткен қысқы кезеңде трассалардағы қар құрсауынан 48 адам құтқарылып, 15 техника эвакуацияланды, қар көшкінін алдын ала түсірудің 64 шарасы жүргізілді. Облыста төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін 3360 адам жеке құрам мен 905 бірлік техника бар, олар қар құрсауына көбірек бейім аудандарға бөлінеді. Олардың арасында өтімділігі жоғары 128 техника бар, мысалы, ШЕРП, Трэкол және басқа да батпақта жүретін көліктер. Республикалық маңызы бар “Өскемен – Семей” автожолында зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Ұлан ауданының Привольное ауылында орналасқан Апаттар медицинасы орталығының 1 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді», – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының бірінші орынбасары Фархат Әміре.

«Қыс-2026» оқу-жаттығуы азаматтық қорғау күштерінің ең күрделі қысқы сценарийлерге дайындығын іс жүзінде тексеру болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button