Жаңалықтар

Қазақстанның аграрлық экспортындағы өңделген өнімнің үлесі 54%-дан асты

Қазақстанда қосылған құны жоғары агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорт көлемі тұрақты түрде артып келеді. 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өңделген АӨК өнімдерінің экспорты 3,04 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1%-ға жоғары.

Нәтижесінде аграрлық экспорттың жалпы құнындағы өңделген өнімнің үлесі 54,1%-ға жетті. Осылайша, аграрлық сектордың экспорттық түсімінің жартысынан астамы өңделген өнімдер есебінен қалыптасып отыр. Бұл отандық аграрлық экспорт құрылымындағы сапалық өзгерістерді және қазақстандық өнімдердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Экспорт өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі – астық өңдеу саласы. 2025/2026 маркетингтік жылында астық пен ұн экспорты астық баламасында рекордтық 16 млн тоннаға жетті.

2026 жылғы қаңтар–тамыз аралығында шетелге 1,38 млн тонна бидай және бидай-қара бидай ұны экспортталды. Оның жалпы құны шамамен 400 млн АҚШ долларын құрады. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда экспорттың заттай көлемі 23%-ға, ал экспорттық түсім 36%-ға өсті.

Май және тоңмай өнеркәсібінде де оң динамика байқалады. Күнбағыс, мақсары және мақта майларының экспорты 49%-ға өсіп, 453 млн доллардан 673 млн долларға жетті. Ал рапс және қыша майларының экспорты 2,3 есе артып, 40 млн доллардан 90 млн долларға дейін өсті.

Басқа да бірқатар өнім түрлері бойынша айтарлықтай өсім тіркелді. Атап айтқанда, мал азығына арналған ұн экспорты құндық мәнде 61%-ға артып, 359 млн доллардан 578 млн долларға жетті. Заттай көлемде жеткізілімдер 44%-ға өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады.

Сиыр етінің экспорты 78%-ға ұлғайып, 92 млн доллардан 164 млн долларға дейін өсті. Өнімнің заттай көлемі 13%-ға артып, өткен жылғы 26 мың тоннадан 29 мың тоннаға жетті.

Сонымен қатар май өңдеу өнімдері – күнжара мен шрот экспорты 42%-ға өсіп, 79 млн доллардан 113 млн долларға дейін ұлғайды. Заттай көлемде жеткізілімдер 39%-ға артып, 430 мың тоннадан 597 мың тоннаға жетті.

Өндірістік және экспорттық әлеуетті одан әрі арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын жүзеге асыруда. Олар жеңілдетілген кредит беруді, инвестициялық субсидиялауды және салықтық преференцияларды қамтиды. 2024–2026 жылдары өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға шамамен 230 млрд теңге бағытталды. Бұл шаралар өндірістік процестердің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық пайдалануға және сұранысқа ие өнімдер шығаруды ұлғайтуға бағытталған.

Астықты терең өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда жылына жалпы қуаты 510 мың тонна шикізатты өңдеуге жететін үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы бес жылда елімізде крахмал өнімдерін өндіру көлемі 2,1 есе артты, ал биоэтанол өндірісі 21,2 мың тоннаға жетті.

Саланы одан әрі дамыту үшін жалпы құны шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрайтын, жылына 5,8 млн тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы алты ірі инвестициялық жоба әзірленді. Оларды іске асыру крахмал, глютен, аминқышқылдары мен биоэтанол өндірісін жолға қоюға, терең өңделген отандық өнімдердің түр-түрін едәуір кеңейтуге және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Инвестициялық бастамаларды іске асыру жұмыстары қазірдің өзінде қарқын алды. Биыл Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгеріні өңдеуге арналған «Қазкрахмал» зауыты пайдалануға берілді. Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының өндірістік кешені құрылысының бірінші кезеңі аяқталды.

Qostanai Grain Industry және Tiryaki Agro жобаларын іске асыру жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, Ақмола облысында тағы екі жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар болашақ кәсіпорындарды тұрақты шикізат базасымен қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, Қазақстанда жүгері егісінің көлемі 60%-ға ұлғайып, 106 мың гектарға жетті.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту – отандық агроөнеркәсіптік кешенді құрылымдық жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі. Инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру экспорттың басым бөлігін шикізат құрайтын модельден дайын өнімдер мен терең өңделген тауарлардың үлесін арттыруға бағытталған модельге біртіндеп көшуге мүмкіндік береді.

Бұл отандық ауыл шаруашылығы шикізатына тұрақты сұранысты қамтамасыз етіп, фермерлік шаруашылықтарды дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады, олардың табыстылығын арттырады және ел ішінде жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына ықпал етеді.

Түптеп келгенде, терең өңдеу көлемін ұлғайту Қазақстанға экспорттық түсімді арттырып қана қоймай, халықаралық нарықтарда қосылған құны жоғары, бәсекеге қабілетті өнімдердің сенімді жеткізушісі ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button