Жаңалықтар

Қызылордалық полицейлер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтті  

Баланың қауіпсіздігіне кім жауапты? Әрине, ең алдымен ата-ана. Алайда кейде ата-ананың бақылауынсыз қалған жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруі, ойын-сауық орындарында болуы және түрлі құқық бұзушылықтарға жол беруі қоғамды алаңдатады.

Осыған байланысты Қызылорда қаласы Полиция басқармасымен «Күзгі демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде барлығы 37 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуына қатысты 26 дерек тіркелген. Бұл – ата-аналар мен заңды өкілдердің бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне бейжай қарамауы керектігін көрсетеді. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаудың 4 дерегі, қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 2 дерегі анықталды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғам қауіпсіздігінің негізі. Бұл бағыттағы жұмыстардың басты міндеті – құқық бұзушылықтың алдын алу, әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауына ықпал ету және жас ұрпақтың қауіпсіз ортада тәрбиеленуін қамтамасыз ету.

Полиция қызметкерлері мұндай профилактикалық шаралардың басты мақсаты жаза қолдану ғана емес, ең алдымен жасөспірімдерді құқық бұзушылықтан сақтандыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Ата-аналарға кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуына заңмен шектеу қойылғанын ескертеді. Сондай-ақ ойын-сауық орындарының иелеріне кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мұндай орындарда болуына жол бермеу қажеттігі ескертіледі.

 

Қызылорда қаласы, Полиция басқармасының ресми парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button