Жаңалықтар

ШҚО-да көлік, энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы негізгі жобаларды жүзеге асырылуда

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық әлеуетті нығайту және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған маңызды бағыттар. Шығыс Қазақстан облысында осы бағыттар бойынша көлік қолжетімділігін арттыруға, энергиямен жабдықтау сенімділігін нығайтуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысы Жолдауында көлік-логистика саласына ерекше назар аударып, оның ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Президент автомобиль жолдарын, теміржол және авиациялық инфрақұрылымды жедел салу мен жаңғыртудың, сондай-ақ логистикалық бағыттарды дамытудың қажеттігін айтты.

Бұл бағыт Шығыс Қазақстан үшін айрықша маңызды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, өңірде Зайсан және Катонқарағай әуежайларының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа әуе айлақтары шалғай аумақтардың көлік қолжетімділігін арттыруға, тұрғындар мен туристердің сапарларын жеңілдетуге, сондай-ақ кәсіпкерлік пен туризм салаларын дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға тиіс.

Жолдаудағы тағы бір маңызды басымдық — энергетикалық қауіпсіздік. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезеңде электр энергиясының маңызы артып отырғанын атап өтіп, сенімді энергиямен жабдықтау экономикалық өсім мен жаңа технологияларды дамытудың негізгі шарттарының біріне айналғанын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, жылу және гидроэнергетика салаларындағы жобалар іске асырылып, энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Тұрғысын-2 су электр станциясының құрылысын жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бастамаларды жүзеге асыру энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға, инфрақұрылымды жаңартуға және өңір өнеркәсібі мен экономикасының одан әрі дамуына жағдай жасауға бағытталған.

Өңірдің күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі — денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Облыста гематология орталығы ашылуға дайындалуда. Бұл орталық қан ауруларына шалдыққан науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар, 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Жаңа медициналық нысан өңірдің емдеу-диагностикалық әлеуетін нығайтып, Шығыс Қазақстан тұрғындарына медициналық көмек көрсету жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Аталған жобаларды жүзеге асыру Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды, атап айтқанда, заманауи инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және сапалы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру міндеттерін іске асыруға бағытталған. Бұл ретте жаңа нысандардың салынуымен қатар, олардың халық пен өңір экономикасы үшін нақты нәтиже беруі маңызды.

Кеңес қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бейінді басқармаларға Президент Жолдауының негізгі ережелерін жан-жақты зерделеп, облыстық іс-шаралардың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Құжатта әр бағыт бойынша нақты міндеттер, жауапты орындаушылар, іске асыру мерзімдері және күтілетін нәтижелер айқындалуға тиіс.

Президент белгілеген басымдықтарды жүйелі түрде жүзеге асыру өңірлік жобаларды жалпыұлттық міндеттермен ұштастыруға, көлік байланысын нығайтуға, энергетикалық әлеуетті арттыруға және Шығыс Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге мүмкіндік береді. Басты мақсат — жүзеге асырылып жатқан бастамалардың ұзақ мерзімді нәтижесін қамтамасыз етіп, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру.

Басқа жаңалықтар

Back to top button