«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін Қызылордада ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет жанындағы «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
«Заң мен тәртіп» – мемлекетіміздің конституциялық деңгейде бекітілген негізгі қағидаттарының бірі. Жиында Премьер-министр құқық үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және заңға бағыну мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
«Нағыз патриот – бірінші кезекте заңға бағынатын, тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын, табиғатты аялайтын еңбекқор, білімді азамат. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз қажет. Тәртіп болмаса, елімізде экономикалық, әлеуметтік, саяси және басқа мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қауіпсіз өмір сүру ортасын құру, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтық қоғаммен әріптестікті дамыту және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру, бейнебақылау жүйелерін кеңейту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Комиссия отырысынан кейін өткен мәжілісте аталған мәселелерге орай жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Аймақ басшысы өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын, қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы, азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтудағы жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырды.
Жұмыс барысында ақпараттық-түсіндірумен шектелмей, нақты нәтижеге қол жеткізу міндеті қойылды. Сонымен қатар, қылмыс деңгейі өскен бағыттар мен аумақтарға қосымша талдау жүргізіп, алдын алу жағын күшейту керек.
Әсіресе, қоғамдық орындарда жасалатын және отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтардың, қайталанып, сондай-ақ алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстың алдын алуға басымдық беру маңызды. Осы ретте «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын қолдау, заңсыз алкоголь саудасының жолын кесу, алкогольге тәуелді азаматтарды емдеу және әлеуметтік бейімдеуге баса мән беру қажет.
Айта кету керек, өңірде «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



