Өскеменде Республика күніне орай Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтерілді

Өскемендегі амфитеатр алаңында Республика күніне арналған салтанатты рәсім өтіп, Қазақстанның көк байрағы биікке көтерілді. Мемлекеттік Әнұранмен ашылған шарада ел егемендігінің тарихи мәні, тәуелсіздікті сақтау мен мемлекеттілікті нығайтудың жауапкершілігі сөз болды. Мерекелік жиынға жиналған жұртшылық ұлттық мерекені ортақ мақтаныш пен елге деген сүйіспеншіліктің белгісіне айналдырды.
Мемлекеттік Ту – ел егемендігінің айғағы, ұлттық бірегейлік пен халықтың асқақ рухының символы. Сондықтан көк байрақтың көкке көтерілген әр сәті тәуелсіздіктің қадірін, азат елдің алдындағы ортақ жауапкершілікті еске салады. Республика күніне орай Өскеменде өткен салтанатты рәсім де осы құндылықтарды ұлықтаған тағылымды шараға айналды.
Мерекелік жиында алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Әуенмен бірге көк Ту салтанатты түрде көтеріліп, алаңға жиналған жұртшылықтың көңілін толқыныс пен мақтаныш сезімі кернеді.
Шарада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жерлестерін Республика күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел тарихындағы айрықша орнын атап өтті.
– Баршаңызды еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздікке бастар тарихи жолы айқындалды. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық азаттық жолындағы күресінің, ата-бабаларымыздың асыл арманының заңды жалғасы, – деді облыс әкімі.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған тарихи құжаттардың бірі саналады. Бұл күннің ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыруы да оның елдік сананы нығайтудағы маңызын айқындайды.
– Халқымыз «Егемен болмай, ел болмас» деп бекер айтпаған. Өйткені тәуелсіздік – еліміздің тірегі, халқымыздың еркіндігі мен болашағының кепілі. Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін бақ» деп, оның баға жетпес құндылық екенін атап өткен. Расында, тәуелсіздігімізді сақтау, мемлекеттілігімізді нығайту және осы асыл мұраны келер ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ қасиетті міндет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ, облыс әкімі елімізде жүзеге асып жатқан саяси өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы, Қазақстан Республикасының Құрылтайы мен Қазақстан Халық Кеңесінің жаңа конституциялық жүйедегі орны мемлекеттілікті дамытуға және халықтың ел ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар саналады.
Нұрымбет Сақтағанов Мемлекеттік Тудың мән-маңызына да ерекше тоқталып, көк байрақтың елдің азаттығы мен ұлттық мақтанышын бейнелейтінін атап өтті.
– Көк Ту – азаттығымыздың айғағы! Көк Ту – еліміздің еңсесі! Көк Ту – халқымыздың асқақ рухының көрінісі! Оның көк түсі – бейбітшілік пен бірлікті, шуғылалы Күн – жарқын болашақты, ал қыран – еркіндік пен биік мұратты бейнелейді. Бүгінде көк туымыз әлемнің әр түкпірінде желбіреп, еліміздің абыройын асқақтатып келеді. Оны қастерлеп, әрдайым биік ұстау – әрбір азаматтың Отан алдындағы перзенттік парызы, – деді облыс әкімі.
Құттықтау сөзінің соңында аймақ басшысы ел бірлігі мен ынтымағының маңызын атап өтіп, шығысқазақстандықтарға амандық пен береке тіледі.
– Халқымыз «Егемен елдің еңсесі биік» дейді. Көк байрағымыздың биіктігі – ел мерейінің биіктігі! Ендеше, еліміз еңселі, бірлігіміз бекем, егемендігіміз баянды болсын! Туымыз тұғырынан түспесін! Көк байрағымыз көгімізде мәңгі желбіресін! Ұлттық мереке – Республика күні құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Салтанатты рәсімнен кейін мерекелік бағдарлама облыс өнерпаздарының концерттік қойылымдарына ұласты. Патриоттық әндер шырқалып, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін шығармалар орындалды. Амфитеатр алаңына жиналған өскемендіктер мен қала қонақтары мерекелік көңіл-күйді бірге бөлісіп, елге деген ақжарма тілектерін жеткізді.
Өскемен қаласындағы №29 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айдар Әбілмажинов Республика күнінің әрбір қазақстандық үшін орны бөлек екенін айтты.
– Бүгін – өте үлкен мереке, айтулы күн. Көк байрағымыз биікте желбіреп, елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын! Барлық қазақстандықты осы айтулы күнмен құттықтаймын! Алға, Қазақстан! – деді ол.
Ал Өскемен қаласындағы №13 мектептің директоры Бибігүл Абдошева мерекеге орай жұртшылыққа ізгі тілегін арнады.
– Бүгінгі Республика күні құтты болсын! Барша халыққа зор денсаулық, таусылмас қайрат, жұмыста табыс тілеймін. Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін, тәуелсіздігіміз бекем болсын! Әр отбасына амандық, құт-береке тілеймін, – деді Бибігүл Абдошева.
Қала тұрғыны Нұржан Бектұров та салтанатты шараға қатысып, барша қазақстандықты ұлттық мерекемен құттықтады. Ол мерекелік жиынға кішкентай сәбиін көтеріп келген.
– Бүгін барша қазақстандықты Республика күнімен құттықтаймын. Көк байрағымыз мәңгі желбірей берсін! – деді Нұржан Бектұров.
Мерекелік шараға жиналған өскемендіктер мен қала қонақтары да ортақ тілектерін білдіріп, елдің амандығы мен тәуелсіздіктің баянды болуын тіледі.
«Еліміз еңселі, бірлігіміз бекем, егемендігіміз баянды болсын! Көк туымыз көгімізде мәңгі желбіресін! Республика күні құтты болсын!» деген ізгі ниет салтанатты жиынның ортақ үніне айналды.
Республика күні – тарихи жадыны жаңғыртып қана қоймай, бүгінгі ұрпақтың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін айқындайтын мереке. Оның мәні мемлекеттік рәміздерді ұлықтаумен шектелмейді. Бұл күн – егемендіктің қадірін түсіну, ұлттық бірлікті бекемдеу және Қазақстанның болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезіну күні. Өскемендегі салтанатты рәсім осы құндылықтарды тағы бір мәрте айшықтап, мерекелік концертпен жалғасуда.



