«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» ҚАТЫСУШЫЛАРЫ ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Сыр өңірінде өтіп жатқан «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы аясында волонтер жастар Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барды.
Сапар барысында қатысушылар түркі әлеміне ортақ ұлы ойшыл, қобызшы әрі жырау Қорқыт атаның өмірі мен мұрасына арналған музейді аралап, тарихи жәдігерлермен, кешеннің сәулеттік ерекшеліктерімен танысты.
Мемориалдық кешенге саяхат қатысушыларға қазақ халқының бай рухани мұрасын тереңірек тануға, ұлттық құндылықтар мен тарихи ескерткіштердің маңызын ұғынуға мүмкіндік берді.
Айта кету қажет, 19 қазаннан бастап өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай табиғатты сақтауға және экожүйені қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы ұйымдастырылуда.
Апталық шараларына Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген 100 волонтер және облыстағы белсенді ерікті жастар қатысуда.
Бұл іс-шаралар жастардың, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық серіктестердің басын қосып, экологиялық волонтерлікті дамытуға жол ашады.



