Жаңалықтар

Ұлттық ұлан тарихында тұңғыш рет: әскери қызметшілер жүзуден жарысты

Өскеменде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жүзуден жарысқа тұңғыш рет қатысты. 5518 әскери бөлімінде өткен бәсекеде 20-дан астам офицер мен келісімшарт бойынша әскери қызметші командир жүлдесі үшін бақ сынады.

 

18 қыркүйекте дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бассейнінде өткен жарыс Ұлттық ұлан тарихындағы жүзуден ұйымдастырылған тұңғыш жарыс ретінде айрықша мәнге ие болды.

 

Жарысқа «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің 20-дан астам офицері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшісі қатысты. Олар жүзу жылдамдығы, төзімділік пен техника бойынша өзара мықтыны анықтады.

 

Бұл жолы әскери қызметшілер үшін үйреншікті сап алаңының орнына бассейн, ал әскери нормативтердің орнына — жүзу жолы мен секундомер тұрды. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде бар мүмкіндігін көрсетіп, жеңіске деген жігерін танытты.

 

Тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыстың басты жүлдесі — әскери бөлім командирінің жүлдесі болды. Спорттық бәсеке жоғары ұйымшылдықпен және тартысты жағдайда өтті.

 

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер медальдармен, кубоктармен және грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар әскери қызметшілер әскери бөлім командирінің атынан ынталандырылды.

 

Тұңғыш жарыстан — жаңа серіктестікке

 

Іс-шараның тағы бір маңызды жаңалығы — спорт саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған келісімнің жасалуы.

 

Жарыс аясында 5518 әскери бөлімі, «Berel» кәсіпқой волейбол клубы және дене шынықтыру-сауықтыру кешені арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

Меморандум әскери қызметшілердің дене дайындығын жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және бірлескен спорттық жобаларды іске асыру бағытындағы өзара іс-қимылды көздейді.

 

Осылайша, Ұлттық ұлан тарихындағы тұңғыш жүзу жарысы әскери қызметшілердің спорттық дайындығын жетілдірудің жаңа бағытына бастау беріп қана қоймай, әскери және азаматтық спорт ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға негіз болды.

 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button