Жаңалықтар

БАС ҚАЛАДА СЫР ӨҢІРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТУДЕ!

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және халықты сапалы, табиғи өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында «Дала дәмі» атты апталық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұжырымдамасы әзірленді.

Жоба шаруаларға өнімдерін делдалсыз өткізуге, жаңа нарықтарға шығуға, ал тұтынушыларға отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Осы бағытта 19-20 қыркүйек күндері Астана қаласында Қызылорда облысының тауар өндірушілері қатысатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда.

Сыр елінен елордаға 100 жүк көлігіне тиелген 600 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіліп, жәрмеңкеге 100-ге жуық дихан мен тауарөндіруші қатысуда.

Атап айтқанда, 230 тоннадан астам күріш, 30 тонна ет өнімдері, 30 тонна балық өнімдері, 280 тонна бақша өнімдері, 30 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидектер, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері, 5 тонна ас тұзы жеткізілді.

Сондай-ақ, жәрмеңке аясында Сыр елінің өнерпаздары қатысатын концерттік бағдарлама ұйымдастырылуда.

Жалпы мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Аймақтың аграрлық саласында бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған.

Мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға биыл 37,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 90 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2,4%-ға артса, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 2 есеге ұлғайды.

Биылғы жылы облыс бойынша 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәнді дақылдар 91,2 мың гектарды, майлы дақылдар 9,6 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 75,9 мың гектарды, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 17 мың гектарды құрайды. Өңірдің негізгі күріш дақылы 70 мың гектарға егілді.

Жалпы шаруашылықтар қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.

Ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда өңір диқандары мал азықтық және майлы дақылдармен қатар, көкөніс, бақша және күріш өнімдерін жинауда.

Сырдың ақ маржаны бүгінде әлем нарығына жол тартқан брендке айналып келеді. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқынды дамуда.

Бүгінде облыстан жалпы құны 23 миллион АҚШ долларын құрайтын 45,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі әлемнің 22 мемлекетіне экспортталды.

Сыр өңірінің аграрлық әлеуеті тек егін шаруашылығымен шектелмейді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді.

2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша облыста 426,4 мың бас ірі қара, 764,4 мың бас қой мен ешкі, 277,3 мың бас жылқы, 68,5 мың бас түйе және 128 мың бас құс тіркелді.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 4 пайызға, сүт өндірісі 4,8 пайызға, ал жұмыртқа өндірісі 6,4 пайызға артты.

Ауыл шаруашылығының дамуы-өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты.

Осы мақсатта инвестициялық жобалардың жол картасына сәйкес, алдағы жылдары облыста жалпы құны 172,5 млрд теңгені құрайтын 17 ірі жоба жүзеге асырылады.

Ал биыл жалпы құны 29,6 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның 3 жобасы іске қосылды.

 

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шақырамыз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button