Жаңалықтар

Өскеменде сарбаздар триосы қала тұрғындарын әнімен тәнті етті

Өскемен қаласының күніне орай Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің өнерлі сарбаздары қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Үш сарбаздан құралған музыкалық трио шаһардың түрлі орындарында өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Мерзімді әскери қызметшілер қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, ел арасында кеңінен танымал әндерді орындады. Әсем әуенге елтіп, сарбаздардың өнерін тамашалаған жұртшылық та қалыс қалмады. Бірі әншілерге қосылып ән салса, енді бірі әуен ырғағымен билеп, мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандыра түсті.

Үштіктің әр мүшесінің өнер жолында өзіндік тәжірибесі бар. Қызылорда облысының тумасы, қатардағы Нұрымжан Есмұрза түрлі ән байқауларында топ жарып жүрген өнерпаз. Ал Тараз қаласынан әскери қызметке шақырылған қатардағы Ердәуіт Жексенбек пен Ақәділ Тілеутай республикалық көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, үлкен сахналарда өнер көрсеткен.

— Өнерлі сарбаздардан құралған трио үшін Өскемен тұрғындарының көңілінен шығу қиынға соққан жоқ. Олар бірнеше күн бойы қаланың әр жерінде өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мұндай шаралар әскери қызметшілер мен қала тұрғындары арасындағы өзара сыйластықты нығайтып, қоғам мен әскер арасындағы байланысты арттыруға мүмкіндік береді, — дейді 6699 әскери бөлімінің командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Мақсат Ахметов.

Айта кетейік, Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаздардың арасында өнерге бейімі бар жастар аз емес. Қала күніне орай олар бірнеше күн қатарынан Өскеменнің түрлі орындарында өнер көрсетіп, тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерін күзету міндетін атқарады.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button