Жаңалықтар

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен барып, егін жинау науқаны қарсаңында өңірдің шаруа қожалықтары мен фермерлерімен кездесті.

Облыс әкімі алдымен «Бекетай баба» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 21,3 мың гектарды құрайды. Оның 14,8 мың гектары – жайылым, 5,6 мың гектарына бидай мен арпа егілген. Биыл шаруашылықтан 10-14 центнер өнім алу жоспарланып отыр.

 

Бұдан кейін облыс басшысы өңірдегі 20-дан астам шаруа қожалығының жетекшілерімен кездесті. Есет Байкен ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенінің өңір экономикасын әртараптандырудағы маңызды рөлін атап өтіп, саланың әлеуетін одан әрі арттыру қажеттігін айтты.

 

Өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты шаруаларға кеңінен әрі түсінікті түрде жеткізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар шағын шаруа қожалықтарына қолдау көрсетуді күшейту, жер учаскелері мен мемлекеттік қолдау қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалану маңызды екенін айтты.

 

Сондай-ақ жиында мал шаруашылығы үшін жемшөп базасын нығайту, егін алқаптарының өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 

Фермерлер өз шаруашылықтарының жұмысы, кездесетін мәселелер мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ қаржы институттары мен агросалаға қолдау көрсетіп жүрген компания өкілдері мемлекеттік бағдарламалар мен қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, тәжірибелерімен бөлісті.

 

Облыс әкімі ауыл шаруашылығында тек көлемге емес, ең алдымен өнім сапасына мән беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, өңір тұтынатын азық-түліктің 60–70 пайызын өз өндірісі есебінен қамтамасыз етуге ұмтылуы керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button