Қызылорда облысында заманауи криминалистикалық ғылыми-техникалық құралдардың көрмесі өтті

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы негізінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен заманауи криминалистикалық ғылыми-техникалық құралдардың көрмесі өткізілді.
Іс-шара Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлының төрағалығымен өтті.
Көрмеге Қызылорда облысының Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, облыстық мәслихат депутаты Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы, Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Әлтай Нұрсұлтан, Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Жүсіпов Әділби, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, экономика және қаржы, цифрлық технологиялар басқармаларының басшылары, Полиция департаментінің басшылық құрамы мен жедел-криминалистикалық бөлініс қызметкерлері қатысты.
Көрмеде республикадағы және шетелдегі жетекші өндіруші компаниялардың өкілдері өздерінің озық технологиялық әзірлемелерін ұсынып, криминалистикалық жарық көздерін, атыс қаруы мен көлік құралдарындағы өшірілген сәйкестендіру нөмірлерін қалпына келтіруге арналған арнайы кешендерді, мобильді құрылғылардан цифрлық дәлелдемелерді алуға және талдауға арналған жабдықтарды, сондай-ақ заманауи жылжымалы криминалистикалық зертханаларды таныстырды.



