«Әулие-ата» көкпардан Қазақстан чемпионы атанды

Жетісу облысының Талдықорған қаласында көкпардан ересектер арасындағы XXV Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. 1–9 мамыр аралығында өткен ел біріншілігіне 19 команда қатысып, бұл Қазақстан чемпионаттары тарихындағы ең көп команда бақ сынаған турнир ретінде тіркелді.
Жарысқа қатысушылар жеребе қорытындысы бойынша төрт топқа бөлініп, бес күн бойы топтық кезеңде бақ сынады. Нәтижесінде Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Жетісу, Алматы, Ақмола облыстарының және Шымкент қаласының командалары ширек финалға жолдама алды.
Ширек финалда Қостанай облысының командасы турнир фавориттерінің бірі саналған Түркістан облысын жарыс жолынан шығарды. Сондай-ақ жартылай финалға Шымкент қаласы, Жамбыл облысы және Алматы облысының командалары өтті.
Жартылай финалда Шымкент құрамасы Қостанай облысын 11:4 есебімен жеңіп, финалға шықты.
Екінші жартылай финалда Жамбыл облысының «Әулие-ата» командасы Алматы облысымен кездесті. Негізгі уақыт тең аяқталған тартысты ойында алматылықтар екінші кезеңнің тоғызыншы минутында есеп ашқанымен, матчтың аяқталуына үш минут қалғанда жамбылдықтар таразы басын теңестірді. Қосымша уақытта Ернат Мәлімбай алтын салым салып, «Әулие-атаны» финалға алып шықты.
Финалда тартысты кездесу күтілгенімен, Жамбыл облысының командасы толық басымдық танытты. «Әулие-ата» Шымкент құрамасын 6:0 есебімен ойсырата жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды.
Осылайша, Жамбыл облысының «Әулие-ата» командасы көкпардан ел чемпионатының 16 дүркін жеңімпазы атанып, ұлттық спорттағы тарихи жетістігін толықтырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Бас демеуші – «Самұрық-Қазына» АҚ.
Бас серіктес – Спортты қолдау қоры.



