«ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БАСТАУЫ»: ОБЛЫС ӘКІМІ АЙМАҚ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында өңір жастарымен еркін форматтағы кездесу өткізді. Шарада жаңа Конституцияда көзделген жастар саясатын дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті, жастардың қоғамдық бастамаларын қолдау және өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудағы кейінгі буынның рөлі кеңінен талқыланды.
Аймақ басшысы елдегі саяси реформалардың маңызына тоқталып, жаңа Конституцияның қабылдануы жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті.
«Бұл – әділетті қоғам құруға және болашаққа деген сенімді нығайтуға бағытталған тарихи шешім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Әділетті Қазақстанды құруда білімді, отаншыл жастардың рөлі айрықша. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, еңбек етуіне, кәсіп бастауына және жан-жақты дамуына мемлекет жүйелі қолдау көрсетіп отыр. Биыл жастар саясатын іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамаларын жүзеге асыруда жастардың белсенділігі мен қоғамдық жауапкершілігі ерекше маңызды», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Еркін пікір алмасу кезінде жастар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Облыс әкімі барлық ұсыныстар жан-жақты қаралатынын, жастар бастамаларын қолдау жүйелі жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар жастарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, өткен жылы облыста 14 пен 35 аралығындағы 248 279 жас есепке алынған, бұл – жалпы халықтың 29,4%-ы. «Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүйелі жұмыс орындалуда.
Жастарды еңбекке баулу мақсатында құрылған еңбек бригадаларының саны 30-дан асып, құрамына 800-ден астам адам тіркелді. Еңбек жасағына әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан, NEET санатындағы жастар да тартылды.
Облыстық жастар ресурстық орталығы жанында 6 үйірме мен клубтар бар. «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы», «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», барлық аудандағы «Руханият орталықтарында» жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған.
Өңір жастарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы қабылданған. Бағдарлама бойынша 35 жастан аспаған, Қызылорда облысында тұрақты тіркеуі бар жастар жылдық 6% пайыздық мөлшерлемемен, үй бағасының 10% жарнасын жинап үй ала алады.
Еске салсақ, 2024 жылы 798 адам құжат тапсырып, жолдама алған 471-інің 100-і төлем қабілеттін растап, үш бөлмелі пәтер иесі атанды. Өткен жылы 691 адам құжат тапсырып, оның 453-нің құжаты қабылданып, 300 жасқа «Отбасы банк» АҚ-нан жолдама берілді. Төлем қабілетін сәтті растаған жастар сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйден пәтер алды.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылды БҰҰ Бас Ассамблеясы «Орнықты даму жолында Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялады. Соған сәйкес халықаралық және республикалық деңгейдегі екі ауқымды шара өтеді.
Тамыз айындағы республикалық волонтерлер слеті жастар мен еріктілердің тәжірибе алмасуына, жаңа бастамаларды талқылауға және қоғам игілігіне арналған жобаларды дамытуға арналады. Сондай-ақ, «Менің мамандығым – менің жетістігім» тақырыбында республикалық жас мамандар форумын өткізу жоспарланған.
Қазан айында халықаралық «Green Aral: Volunteers for Life» халықаралық еріктілер апталығы аясында Арал маңы табиғатын қалпына келтіру және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар іске асырылады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



