Шемонаиха қаласының бишілері халықаралық сахналарды бағындырды

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының би ұжымдары бірнеше ірі халықаралық фестивальде жарқын өнер көрсетіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізді.
– «FREEZE LIGHT» би ұжымы «Шығыс мозаикасы» халықаралық хореографиялық өнер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Радуга талантов» халықаралық хореографиялық фестивалінде ұжым қатысушылары бес бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар, «Dance Mania» халықаралық хореографиялық фестивалінде ұжым бірінші және үшінші орындарды иеленді, – деді аудан әкімінің орынбасары Данияр Жүнісов.
Оның айтуынша, «Юность» үлгілі хореографиялық ұжымы да халықаралық байқауларда табысты өнер көрсетті. «Шығыс мозаикасы» хореографиялық өнер фестивалінде ұжым төрт бас жүлде, екі бірінші және бір екінші орынға ие болды. Ал «ALTAY FEST» халықаралық байқауында қатысушылар бес VIP бас жүлде, бір бас жүлде, бір бірінші және екі екінші орынды жеңіп алды.
– Сонымен қатар, «Күншуақ» халықаралық фестиваль-байқауына аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Алтынай Назарбай мен Даяна Алтыбаева қатысып, бас жүлдені иеленді, – деп қосты Данияр Жүнісов.
Байқауға «New Stars» вокалдық ұжымы да қатысып, өнер көрсету қорытындысы бойынша екі бас жүлде, үш бірінші және бір екінші орынды жеңіп алды.



