Өскеменде Ұлттық ұланның әскери бөлімі балалар күнін атап өтті

Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінде Балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара аталып өтті. Мерекелік іс-шараға әскери қызметшілердің 2-11 жас аралығындағы 50-ге жуық бала қатысты. Қатардағы сарбаздар мен офицерге дейін балалар үшін арнайы әскери техника қойылым ұйымдастырып, аквагрим мен қызықты челендждер ұйымдастырды. Сонымен қатар әскери бөлімге келген балаларға тәттілерге толы мерекелік дастархан жайылды.
– Мұндай шараларды біз жылда ұйымдастырып тұрамыз. Себебі, әскер тек қатаң тәртіпті орта ғана емес, мұнда да өз балаларымыз үшін мерекелік шаралар ұйымдастырып, отбасымен бас қосу дәстүрге айналған, -дейді 6699 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы майор Нұрбек Жукубаев.
Тағылымды іс-шарада балғындар үшін әскери бөлімнің саптың алаңында заманауи үлгідегі қару-жарық пен әскери киім үлгілерінен тұратын көрме ұсынды. Көрмеге қатысушылар атыс қаруларына таңданыспен қарап, тіпті әр түрлі киім үлгілерін киіп көру мүмкіндігіне де ие болды.

– Маған әсіресе, қызметтік иттердің шеберлігі қатты ұнады. Кинологтың әрбір айтқан тапсырмасын лезде түсініп, айтқанын бұлжытпай орындайды. Мен де ертең ер жеткенде айтқанымды екі етпейтін төрт аяқты досымның болғанын қалаймын. Ертең әкем сияқты әскери қызметші болып Отанымды қорғау менің мақсатым, – дейді Қайсар Нұриман.
Іс-шара соңында белсенді қатысқан балалар түрлі мадақтау қағаздарымен марапатталып, естелік суретке түсіп тарқасты.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



