ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚОЛДАУЫМЕН НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АКЦИЯ ӨТТІ: ҮЗДІК БЕЙНЕРОЛИКТЕР МЕН СУРЕТТЕР АНЫҚТАЛДЫ

2026 жылғы 27 сәуірде Ұлытау облысында жас ұрпақ арасында нашақорлықтың алдын алуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды әлеуметтік-профилактикалық іс-шара өтті. Аталған акцияның негізгі бастамашысы Ұлытау облысының полиция департаменті болды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, есірткі заттарының адам денсаулығына және қоғамға тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндіру, сондай-ақ жасөспірімдердің өмірлік ұстанымын дұрыс қалыптастыруға ықпал ету болып табылады.
Акция аясында «Менің таңдауым – есірткісіз өмір» тақырыбында ұйымдастырылған бейнероликтер мен суреттер байқауының қорытынды кезеңі өткізілді. Қатысушылар өздерінің шығармашылық жұмыстары арқылы нашақорлық мәселесіне деген жеке көзқарастарын білдіріп, оның адам өміріне, денсаулығына, отбасына және жалпы қоғамға тигізетін зиянды салдарын жан-жақты ашып көрсетті. Сонымен қатар, олар дұрыс өмірлік таңдау жасау, болашаққа жауапкершілікпен қарау және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын шығармашылық форматта бейнеледі.
Байқаудың ерекшелігі – оқушылардың өз ойларын еркін және шығармашылық тұрғыда жеткізуіне мүмкіндік берілуі болды. Қатысушылар бейнероликтер мен суреттер арқылы тақырыпты әртүрлі қырынан ашып, өз идеяларын көркем әрі мазмұнды түрде ұсынды. Бұл өз кезегінде жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамауына ықпал етті.
Байқауға облыстың түрлі қалалары мен аудандарынан шамамен жүзге жуық оқушы қатысты. Барлық ұсынылған жұмыстар жоғары деңгейімен, мазмұн тереңдігімен, идеялық жаңашылдығымен және әлеуметтік маңыздылығымен ерекшеленді. Қазылар алқасы бағалау барысында жұмыстардың мазмұнына, тақырыпты ашу деңгейіне, креативтілікке және көркемдік шешімдерге ерекше назар аударды.
Бейнероликтер байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдені Жезқазған қаласындағы №8 гимназияның оқушысы Жорабек Биболат жеңіп алды. Бірінші орын Сәтбаев қаласындағы №16 мектептің оқушысы Ақзере Мұратбекқызына бұйырды. Екінші орынды Жезқазған қаласындағы №8 гимназияның оқушысы Дінмұхамед Дана иеленді. Ал үшінші орынды Жезқазған қаласындағы №1 мектептің оқушысы Ахмедияр Даниярулы мен Ұлытау ауданының №2 мектебінің оқушысы Інжу Баташ бөлісті.
Суреттер байқауының жеңімпаздары да анықталды. Бас жүлдені Жезқазған қаласындағы №133 мектептің оқушысы Жақыпова Айжаным иеленді. Бірінші орынды Жаңаарқа ауданынан Тәңірберген Аянат алды. Екінші орын Аманжол Асылхан мен Жұмекенова Әлияға берілді. Ал үшінші орынды Мұхамбетай Медина, Аманжолова Раяна және Айтжан Жания бөлісті.
Марапаттау рәсімін Ұлытау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмас Саламатов өткізді. Ол өз сөзінде қатысушылардың жоғары белсенділігін, шығармашылық қабілеттерін және азаматтық ұстанымын ерекше атап өтіп, мұндай бастамалардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алудағы рөлі зор екенін жеткізді.
Жалпы алғанда, ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына, олардың шығармашылық және әлеуметтік белсенділігін арттыруға, сондай-ақ өз болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл бастамалар қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға және жас буынның қауіпсіз әрі саналы ортада дамуына жағдай жасауға бағытталған.



