Жаңалықтар

2026 жылғы 14 сәуірде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Байгазиев Ербол Жақангерұлының қатысуымен брифинг өтті.

Брифинг барысында 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау науқанының басталғаны туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша құжат қабылдау басталғаны хабарланды. Құжаттарды қабылдау admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады және 1 маусымға дейін жалғасады.

Спикердің айтуынша, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында магистратураға 200 адам, докторантураға 12 адам қабылданады. Магистратура бойынша грант саны өткен жылмен салыстырғанда 80 орынға артқан.

Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларының саны 15-ке дейін ұлғайып, жаңа «ML – Құқық», «EMBA – Іскерлік әкімшілендіру», «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламалары енгізілгені атап өтілді.

Жекелеген бағдарламалар бойынша оқу мерзімінде өзгерістер бар. Атап айтқанда, «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар», «Экономика» бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 2 жылға дейін ұзартылған. Ал «Адами ресурстарды басқару» бағдарламасы «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» болып өзгертіліп, оқу мерзімі 1,5 жылға дейін ұлғайтылған.

Брифинг барысында құжат тапсыру талаптары, қажетті құжаттар тізімі, сондай-ақ конкурстық іріктеу кезеңдері туралы да кеңінен түсіндірілді. Іріктеу аналитикалық эссе жазу мен сұхбат кезеңдерінен тұрады, ал докторантураға түсушілер үшін қосымша зерттеу жұмысының жоспары бағаланады.

Маңызды даталар ретінде: құжат қабылдау – 1 сәуір мен 1 маусым аралығы, конкурстық іріктеу – 5–19 маусым, алдын ала қабылдау – 25 маусым, қорытынды қабылдау – 10 шілде, оқу басталуы – 1 қыркүйек екені атап өтілді.

Спикер Академияда білім алу мемлекеттік қызметшілер мен өзге де мамандар үшін кәсіби дамудың маңызды кезеңі екенін атап өтті және барлық ниет білдірушілерді қабылдау науқанына белсенді қатысуға шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button