Президенттің әлеуметтік саясаты жүзеге асуда: ШҚО-да 18 отбасы баспаналы болды

Ұлыс той мен қоныс той: ШҚО-да 18 отбасы Наурызды жаңа үйлерінде қарсы алды
Шығыс Қазақстан облысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жалғасуда. Наурыз мерекесі қарсаңында Зайсан ауданының Қаратал ауылында 18 отбасы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жаңа үйлердің кілтін алып, қоныстойын тойлады.
Бұл күн ерекше мәнге ие болды. Жаңару мен жаңа бастамалардың символы саналатын мереке күні тұрғындар тек баспанаға ғана емес, ертеңгі күнге деген сенім мен жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды.
Жаңа қоныс иелері – көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындар. Барлық үйлер толықтай тұруға дайын: газ, ауыз су тартылған, кәріз жүйесі жұмыс істейді.
Қаратал ауылдық округінің әкімі Мереке Сайрановтың айтуынша, бағдарлама аясында округте заманауи үйлер салынып, 18 отбасы баспанамен қамтылды. Оның ішінде 8-і көпбалалы отбасы болса, 10-ы әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жатады.
Қоныстой иелерінің бірі – көпбалалы ана Құралай Әлібаева. Оған кең, төрт бөлмелі үйдің кілті табысталды.
«Жарқын Наурыз мерекесінде көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік. Бұл – отбасымыз үшін үлкен бақыт. Қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтамыз. Осындай үйлер мұқтаж отбасыларға көбірек берілсе екен», – деді ол.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Қараталда Наурыз жыл сайын жоғары деңгейде өтеді: ұлттық киімдер, бата беру дәстүрі, ат шеруі және салт-дәстүрдің жаңғыруымен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, ауыл халқы елді мекеннің дамуындағы оң өзгерістерді атап өтіп, мемлекет басшысы мен облыс басшылығына ауылдағы өмір сапасын арттыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Кілт табыстау рәсімінен кейін қонақтар жаңа үйлерді аралап, тұрмыс жағдайымен танысты.



