Жаңалықтар

Жаңаарқада Ұлыстың ұлы күні ұлттық дәстүрмен ұлықталды

Жаңаарқа ауданында әз-Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Көктемнің шуақты мерекесі аудан тұрғындарын бір алаңға топтастырып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін мазмұнды шараларға ұласты.

Орталық алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, олардың іші ұлттық нақышта безендірілді. Қазақтың ұлттық тағамдары көпшілікке ұсынылып, ақ дастарқан басында ақжарма тілектер айтылды.

Жазғы сахна алаңында «Жаңаарқа Наурыз–2026» атты театрландырылған мәдени-әдеби концерт ұйымдастырылды. Сахна төрінде халқымыздың тарихы мен тағылымын танытатын көріністер қойылып, әсем ән мен күмбірлеген күй мерекенің ажарын аша түсті.

Мерекелік кешке эстрада әншісі Бағдат Сәмединова, Астана қаласының және аудан өнерпаздары қатысып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнерпаздардың әсерлі әндері мен жарқын қойылымдары жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, Ұлыстың ұлы күнінің рухын асқақтатты.

Наурыз – бірлік пен берекенің, жаңару мен жақсылықтың мерекесі. Жаңаарқалықтар үшін бұл күн өткенге тағзым етіп, болашаққа нық қадам басқан тағылымды әрі тағдырлы сәт ретінде есте қалды. Ұлыстың ұлы күні ел жадында жарқын әсермен сақталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button