Жезқазғанда жаңа Конституция жобасы бойынша ақпараттық кездесу өтті.

Бүгін «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Жезқазған қаласындағы Жезқазған тау-металлургия колледжі базасында 3-курс студенттері мен оқытушылар құрамының қатысуымен жаңа Конституция жобасы және алдағы референдум мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесу барысында спикерлер Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарға жан-жақты тоқталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ардагері, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы Хмилярчук Т.И. парламенттік және президенттік басқару жүйесіндегі трансформация үдерістерін түсіндірді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, облыстық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Нұртазина Ақбаян білім беру саласына және дербес деректерді қорғауға қатысты баптарға ерекше назар аударды.
Облыстық ҚХА Медиация орталығының үйлестірушісі Гатиятова Г.Р. «Халық кеңесі» институтының рөлі мен маңызы туралы баяндады.
Кездесу мазмұнды әрі белсенді форматта өтті. Студенттер талқыланған тақырыптарға шынайы қызығушылық танытты. Олардың көпшілігі үшін алдағы референдум – алғашқы дауыс беру тәжірибесі болмақ. Бұл өз кезегінде шараның маңыздылығын арттыра түседі.
Оқытушылар мұндай кездесулердің өзектілігін атап өтіп, спикерлерге түсінікті әрі жан-жақты ақпарат бергені үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, Конституция мәтінін өз бетінше оқығанда кейбір тұстары толық түсінікті болмаған, ал кездесу барысында күрделі мәселелер кәсіби деңгейде кеңінен түсіндірілді.
Осындай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.



