
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Ұлытау облысында кадр даярлау жүйесін жетілдіруге, практикалық білім беруді күшейтуге және өндіріс пен білім беру ұйымдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған «Кәсіби маман» кәсіби шеберлік байқауы өтті. Байқау Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» бастамасымен ұйымдастырылды.
Аталған байқаудың басты мақсаты – колледждерде қалыптасқан тиімді тәжірибелерді кеңінен тарату, студенттердің практикалық дағдыларын арттыру және оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы тұрақты серіктестікті дамыту. Бұл бастама өңірге қажетті білікті жұмысшы кадрларды даярлау және жастарды еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.
Байқауға өңірдегі 13 білім беру ұйымы мен өндірістік кәсіпорын қатысып, кадр даярлау ісіндегі өз тәжірибелерін ұсынды. Қатысушылардың жұмысы «Колледждер мен бизнес арасындағы серіктестік: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында қорытындыланды.
Талқылауға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұрсултан Шоканов, Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Каженова, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Бас директоры Жанибек Байғабелов, «AMANAT» партиясының өкілдері, сондай-ақ өңірдің ірі кәсіпорындары мен әлеуметтік серіктестері қатысты. Жиын барысында еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау, дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың білім беру процесіне белсенді қатысуының маңыздылығы атап өтілді.
Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтижелер көрсеткен қатысушылар марапатталды. Атап айтқанда, «Кадр даярлауға қатысқан үздік кәсіпорын» номинациясы «Kazakhmys Smelting» ЖШС-не берілді. «Өндірістегі үздік тәлімгер» аталымына Жезқазған мұнай басқармасының қызметкері Мейіржан Сериков ие болды. Ал «Жұмысшы кадрларды даярлайтын үздік колледж» ретінде Жезқазған жоғары политехникалық колледжі танылды.
Байқау барысында сөз сөйлеген «Kazakhmys Smelting» ЖШС Бас директоры Жанибек Алтынбекұлы Байғабелов Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасына нәтижелі ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, кәсіпорындар мен колледждер арасындағы тығыз серіктестік өңір экономикасына қажетті білікті мамандарды даярлаудың негізгі тетігі екенін атап өтті.
Аталған байқау жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, жастарды еңбекке баулуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын кәсіби кадрларды даярлауға бағытталған маңызды алаңға айналды.



