АймақтарҚоғам
Trending

Жаңаарқа ауданында ауыл жастарын қолдауға және адам капиталын дамытуға бағытталған шағын спорт кешені ашылды

Жаңаарқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин ауылдық округінің орталығы – Ынтымақ ауылында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жастардың денсаулығын нығайтуға және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған шағын спорт кешені пайдалануға берілді. Аталған жоба ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік-демографиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр.

Жаңа спорт нысаны ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға бос уақытты тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еңбекке қабілетті, жауапты және тәртіпті азаматтарды қалыптастыруға ықпал етіп, «Еңбек адамы» бейнесін дәріптеу идеясымен үндеседі.

Кешенде асық ату, тоғызқұмалақ, теннис, шахмат секілді ұлттық және зияткерлік спорт түрлерімен айналысуға, сондай-ақ түрлі жаттығу құралдары арқылы дене шынықтырумен шұғылдануға толық жағдай жасалған. Бұл бағыттар жастардың физикалық дамумен қатар, ойлау қабілетін жетілдіруге, шыдамдылық пен табандылықты қалыптастыруға септігін тигізеді. Алдағы уақытта күрес секциясын ашу жоспарланып отыр, бұл ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Шағын спорт кешені ауыл азаматтарының ұсынысы мен бастамасы негізінде жүзеге асырылып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қалпына келтірілді. Ғимаратты жөндеу және жабдықтау жұмыстарына жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер де белсенді атсалысты. Бұл қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің, еңбекқорлық пен бірліктің нақты көрінісі болып табылады.

Ынтымақ ауылы жастарының дамуына қолдау көрсету мақсатында ауыл азаматтары Марғұлан Әлжанов пен Мадина Әлжанованың демеушілігімен спорт залына қажетті барлық дене шынықтыру құралдары сатып алынып, пайдалануға берілді. Демеушілік көмектің жалпы көлемі 2,5 миллион теңгені құрады. Бұл бастама ауыл жастарын қолдауға бағытталған игі істердің жарқын үлгісі ретінде бағаланады.

Аталған жоба ауылдық жерлерде жастарды пайдалы іспен қамтуға, олардың спортқа, еңбекке және белсенді өмір салтына қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл нысан болашақта ауыл жастарының арасынан спорт пен түрлі салаларда жетістікке жететін азаматтардың шығуына, кадрлық әлеуеттің нығаюына негіз болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button