Жаңалықтар

ZAN FEST: ШҚО жастарының таңдауы

Шығыс Қазақстан облысында «ZAN FEST: Заң мен тәртіп: жастар таңдауы» атты облыстық жастар форумы өтті. Ауқымды жиын барысында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықтық мемлекет қалыптастырудағы жастардың орны, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен сөз болды.

 

Облыстық филармония ғимаратында ұйымдастырылған форум «Заң және тәртіп» бастамасы аясында өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық санасын арттыру, заңға құрметпен қарау қағидаттарын нығайту және мемлекеттік институттар мен құқық қорғау органдарына деген сенімді күшейту.

 

Форумға облыстың барлық қала-аудандарынан жиналған жоғары сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген жұмысшы жастар қатысты. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, шығармашыл әрі қоғамдық өмірге белсенді жас азаматтар бас қосты.

 

– Бүгінгі форум – жай ғана кездесуден гөрі, жастар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ашық әрі шынайы диалог алаңы. Мұнда әрбір жас өз ойын еркін айтып, көкейіндегі сауалдарына нақты жауап ала алады. Біздің мақсат – жастарды заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде қалыптастыру, – деді Шығыс Қазақстан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әбілбеков.

Диалог алаңы форматында өткен іс-шарада қатысушылар құқық қорғау саласының мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойып, нақты өмірлік жағдайларға байланысты пікір алмасты. Бұл формат жастардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, заң талаптарының күнделікті өмірдегі маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.

 

Іс-шараға Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, Полиция департаментінің, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен пікір көшбасшылары спикер ретінде қатысты. Олар жастар арасында жиі кездесетін қауіп-қатерлерге, заңбұзушылықтың салдарына және алдын алу жолдарына кеңінен тоқталды.

 

– Форумның негізгі бағыты – жастар тарапынан жасалуы мүмкін құқықбұзушылықтардың алдын алу. Экономикалық тергеп-тексеру қызметі аясында біз дропперлік, қаржы пирамидалары, заңсыз онлайн табыс көздері мен құмар ойындар мәселесін көтердік. Басты мақсат – жастардың осындай құқыққа қайшы әрекеттерге алданып қалмауына жол бермеу, – деді ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті екінші тергеу басқармасы басшысының орынбасары Дулат Нұрлыбек.

Оның айтуынша, биыл заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес дропперлік әрекет қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында мұндай деректер тіркелмегенімен, республика көлемінде үш іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл – заңсыз әрекеттің салдары ерте ме, кеш пе міндетті түрде жауапкершілік жүктейтінін дәлелдейді.

 

Форум аясында заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, құқықтық мемлекет құрудағы жастардың белсенді рөлі, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алудағы тәрбиелік және түсіндіру жұмыстары жан-жақты талқыланды. Іс-шара жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамдағы құқықтық құндылықтарды күшейтуге бағытталған маңызды платформаға айналды.

 

Форум барысында рухани-адамгершілік құндылықтар тақырыбы да назардан тыс қалмады.

 

– Мен өз сөздерімде жастарды тек діни құлшылықпен ғана шектеліп қалмауға шақырамын. Білім алу, ой-өрісті дамыту, заң мен тәртіпті сақтау – иманның ажырамас бөлігі. Дін – тек ғибадат емес, ол жауапкершілік, тәртіп және қоғамға пайда әкелу. Ал дінді тек құлшылық деңгейінде ғана қабылдау – адасуға, тіпті қараңғылыққа жетелеуі мүмкін, – деді имам, дінтанушы, теолог Нұрлан Асанов.

Спикерлер заң талаптарын сақтаудың маңызын өмірден алынған нақты мысалдар арқылы да көрсетті. Белгілі жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова спорттағы адалдық пен әділдіктің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында ол үш қарғып секіруден бастапқыда төртінші орын алған. Алайда допинг қолданған спортшылардың нәтижесі жарамсыз деп танылып, араға он жыл салып Халықаралық Олимпиада комитеті Ольга Рыпакованы күміс жүлдегер ретінде мойындады.

 

Бұл оқиға заңсыз әрекеттің салдары бірден байқалмауы мүмкін екенін, бірақ уақыт өте келе адамның тағдырына, мансабына және болашағына ауыр соққы болып тиетінін айқын көрсетеді. Заң мен тәртіпке бағыну – кез келген қоғамның тұрақты дамуының кепілі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button