Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің құрдасы: Ғафур Ақмырзаев

ТЖМ жүйесінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен құрдас қызметкерлер еңбек етуде. Солардың бірі – Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ғафур Ақмырзаев.
Ол 1991 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жалағаш кентінде туған. 2013 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсті. 2013 жылы тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау университетіне ауысып, 2017 жылы аталған оқу орнын бітірді.
Оқу барысында білімімен, тәртібімен және еңбекқорлығымен ерекшеленіп, қатарластарынан қалмай, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Ол тек оқу үлгерімімен ғана емес, сондай-ақ түрлі мәдени-қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуымен де көзге түсті. Жоғары оқу орындары арасында өткен ұлттық-мәдени фестивальдерге, сондай-ақ Минск қаласында ұйымдастырылған «Қазақстан мәдениеті күндері» атты іс-шараға қатысты. Осындай игі істерінің нәтижесінде университет басшылығынан бірнеше мәрте алғыс хаттарға ие болды. Беларусь Республикасының ТЖМ Командалық-инженерлік институтының 80 жылдығына арналған естелік төсбелгімен наградталды.
2015 жылы университетте білім алып жатқан шетелдік студенттер арасында өткен үстел теннисінен жарыста 1-орынды иеленді. Сондай-ақ Беларусь елінде түсірілген белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» көркем фильмінде қосымша эпизодта Ұлы Отан соғысы жауынгерінің рөлін сомдады.
Мұның барлығы жас курсанттар үшін үлкен мотивация болып табылады. «Мен үшін Беларусьтегі курсанттық күндерім – бірнеше мәрте айтуға тұрарлық қызықты оқиғаларға толы кезең», – дейді ол.
Ол университетті бітіргеннен кейін Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою бөлімінің аға инженері лауазымына тағайындалды. Ғафур Тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген ұрпақтың өкілі ретінде курсанттан азаматтық қорғау органдарының офицеріне дейінгі лауазымдарда абыроймен қызмет атқаруда.
Ғафурдың ұйымдастырушылық қабілеті жоғары деңгейде, ұжымды жұмылдыра біледі. Ол қойылған міндеттердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді. 2017 жылдан 2025 жылға дейін Қызылорда облысы аумағында өткен «Көктем», «Қыс», «Жер», «Протон» және «Қорғау» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар дайындықтары мен өткізілуіне белсене қатысты. Ол кәсібилігін жоғары деңгейде көрсетті. Күрделі және төтенше жағдайларда тез әрекет ете білетіндігі, дұрыс әрі мақсатқа бағытталған шешімдер қабылдай білетіндігі көрсетілді. Өткізілген оқу-жаттығулар нәтижесінде Қызылорда облысына жоғары баға берілді.
«Жас құтқарушылар» клубының жұмысын ұйымдастырады, оның мақсаты балалардың, студенттердің және жастардың түрлі төтенше жағдайларда дағдыларын арттыру, қолжетімділікті, білім мен денсаулықты дамытуға ықпал ету. 2017-2019 жылдары Төтенше жағдайлар департаменті «Жас құтқарушылар» клубының командасын республикалық жарыстарға дайындап, команда жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.
2020 жылы Ғафур Қызылорда облысы волонтерлерінің фронт-офисіндегі «Үміт» бағыттарының жетекшісі болып сайланды. Волонтерлер жоғалып кеткен адамдарды іздеу, төтенше жағдайлардың қаупін азайту және табиғи әрі техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жобаларына қатысты.
Төтенше жағдайларды алдын алу және оларға ден қою мақсатында «Волонтерлер» ұйымдарының волонтерлерін жұмылдырған бірнеше ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар жүргізілді.
2023 жылы «Мінсіз қызмет 10 жыл» медалімен наградталды. 2025 жылы «Қызылорданың волонтерлері» қоғамдық қорының алғыс хатымен наградталды.
Жұбайымен бірге екі баланы тәрбиелеп отыр.


