ШҚО-да жыл үздіктері марапатталды: Өскеменде «Jastarmen Birge» салтанатты рәсімі өтті

26 қараша күні Өскемен қаласындағы облыс әкімдігінің ғимаратында «Jastarmen Birge» атты жастарды марапаттау рәсімі өтіп, өңірдің ең белсенді, ең еңбекқор және ең алғыр жастары бір алаңда бас қосты. Шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып, оған ірі өндіріс орындарының жас мамандары, волонтерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері және «Ассамблея жастары» қозғалысының өкілдері қатысты.
Алдымен жұмысшы жастардың «Maman Fest» фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Үшінші орын мен 400 мың теңгенің сертификаты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жас мамандар командасына табысталды. Екінші орынға ие болған «Востокцветмет» компаниясының Артемьев өндірістік кешені 600 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Фестивальдің бас жүлдесін «Өскемен ЖЭО» ЖШС-ның жұмысшы жастары жеңіп алып, 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» сыйлығының иегерлері жарияланды. Әрбір жеңімпазға 500 мың теңгелік сертификат тапсырылды. «Жыл көсшбасшысы» атағы «Казцинк» ЖШС жастар кеңесінің төрайымы Жансая Жанболатоваға берілді. «Үздік жас digital маман» атанған Валерия Коцур Бірынғай ситуациялық орталық пен цифрландыру бағытындағы бірнеше инновациялық жобалардың әзірлеушісі ретінде танылды. «Еңбек адамы» номинациясында «Ульбинск металлургия зауыты» АҚ-ның бериллий өндірісіндегі ауысым шебері, еңбек өтілі 12 жыл болатын Әділ Төлеуғазинов жеңіске жетті. «Жыл волонтері» атағы Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледж студенті Арна Арданбекқызы лайық деп танылды. Ал «Жылдың жастар ұйымы» атағын биыл 50-ден астам шара өткізіп, 3000-нан астам жасты қамтыған «Ұлағат» жастар қоғамдық бірлестігі иеленді.
Іс-шара барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жастарды құттықтап, олардың өңір дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті. Әкім техникалық білім беру, жас мамандарды қолдау және олардың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру бағытында жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, мемлекет пен жастардың ынтымақтаса қимылдауы ШҚО-ның қарқынды дамуын қамтамасыз етеді.
Салтанатты рәсім жалпы естелік суретке түсумен аяқталды. Қатысушылар марапат олардың жаңа жетістіктерге деген ынтасын арттыра түсетінін айтты.



