Шығыс Қазақстанда Республика күніне орай өңірдің үздік тұрғындары марапатталды

Республика күні қарсаңында Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының көрнекті азаматтарын марапаттау салтанатты рәсімі өтті. Құрметті мемлекеттік наградалар мен орден-медальдарды Қазақстан Республикасының Президенті атынан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыс етті.
Салтанатты шараны ашқан өңір басшысы Республика күнінің барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел бірлігі мен мемлекетшілдіктің, достықтың символы екенін атап өтті.
— 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бүгін біз ел тәуелсіздігінің негізін қалаған осы тарихи құжаттың 35 жылдығын атап өтудеміз. Бұл күн – тек тарихтағы бір парақ емес, ол халқымыздың болашағына деген сенімінің, бірлігінің және табандылығының нышаны. Қазақстан Президенттің стратегиялық бағытын ұстана отырып, тұрақты даму мен қоғам игілігі жолында нық ілгерілеп келеді. Шығыс Қазақстан облысы да ел экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Республика жетістіктері – халқымыздың бірлік пен еңбектегі табысының нәтижесі, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Рәсімнің ресми бөлігінен кейін Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан Президенті атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Өңірдің қоғамдық өмірінің түрлі салаларын дамытуға қосқан зор үлесі үшін білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, ғылым, мәдениет, өнеркәсіп және әлеуметтік сала өкілдері марапатталды.
Шығысқазақстандықтар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды.
Көрермендердің ерекше ықыласына айтыскер ақындар Серік Қуанған мен Серік Құсанбаевты марапаттау сәті бөлек әсер қалдырды. Оларға шығысқазақстандықтар атынан автокөлік пен ақшалай сертификат табыс етілді. Сондай-ақ облыстың бас бапкері Қайрат Сатжановқа да автокөлік кілті берілді.
Мерекелік кеш шығысқазақстандық өнер шеберлерінің концертімен қорытындыланды. Бұл концерт – өңірде Республика күні мерекесінің бастауын білдірген айшықты сәт болды.



