Аймақтар

ШҚО-да «Келешек мектептері» жобасы Құрылыс басқармасы мен Білім басқармасының бірлескен жұмысы

ШҚО-да «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы сыйымдылығы 3 мың орындық 7 заманауи мектептің құрылысы сәтті аяқталып, Білім басқармасының қарамағына өткізілді. Барлық нысандар жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл туралы ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаев ШҚО ӨКҚ брифингінде хабарлады.

2024 жылы Өскемен, Шемонаиха, Риддер қалаларында және Белоусовка кентінде бес жаңа мектеп салынса, 2025 жылы тағы екі мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде Өскемен қаласындағы және Опытное поле ауылындағы нысандар бар. Бұдан бөлек, 2024 жылы Өскемен қаласының «Нұрлы жол» шағын ауданында және Зайсан қаласында екі мектеп іске қосылды. Ал 2025 жылдың басынан бері Жаңа Бұқтырма кентінде жаңа мектеп оқушыларын қабылдады.

Жаңа оқу орындарының ерекшелігі – кеңістікті ұтымды ұйымдастыруында: бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары жеке блоктарда оқиды, бұл қосымша қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Мектептерде психолог пен логопед кабинеттері, биотехнология және STEM зертханалары, хореография залдары, коворкинг орталықтары, сондай-ақ әр жас тобына арналған жеке спорт залдары қарастырылған.

Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін пандустар, лифтілер және инклюзивті сыныптары бар толық кедергісіз орта жасалған.

– Жаңа мектептерде қазірдің өзінде 3 788 оқушы білім алуда. Оларға 275 білікті педагог жетекшілік етеді. Оқу орындары заманауи цифрлық технологиялармен, интерактивті панельдермен және физика, химия, биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттермен жабдықталған, – деді ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек.

Білім беру үдерісінің инфрақұрылымын дамыту аясында өңірде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанынан «Келешек мектептері» басқару институты құрылуда. Оның мақсаты – дәстүрлі сыныптық оқыту моделінен оқушыға бағытталған жүйеге көшу, жасанды интеллект пен педагогикалық ұжымның ұжымдық жауапкершілігін қолдану. Институт аясында инновациялық оқу ресурстары мен үлкен деректерді талдауға арналған платформаларды жасайтын «AI lab» зертханасы дамып келеді.

Өңірдің жоспарында тағы 4 мектептің құрылысы мен жобалануы бар. Оның ішінде 1 200 орынға арналған, жатақханалары бар облыстық арнайы «Білім-Инновация» лицейі, сондай-ақ Өскемен қаласының шағын аудандары мен тұрғын аудандарындағы нысандар бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button