Аймақтар

Ауыл шаруашылығын ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған – Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.

– Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Мемлекет басшысы мәлімдегендей, қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысып жатыр. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек. Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттырып жатыр. Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн, – деп нақтылады Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тапсырма құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті екенін еске салды.

Президенттің айтуынша, аталған қадам инновация мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button