Жаңалықтар

Өскеменде өткен мерейтойлық ЖЖИ слётінде Қазақстан мен ТМД елдерінің үздік командалары анықталды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Өскемен қаласында Ғазиз Байтасов атындағы ХХ мерейтойлық Республикалық жас жол инспекторларының (ЖЖИ) слёті өтті. Шара тарихында алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, қазақстандық командаларға Қырғыз Республикасының құрдастары қосылды.

 

Еліміздің барлық өңірлерінен келген жүздеген оқушы мен шетелдік қонақтар жол қозғалысы ережелерін білу, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білімдерін сынға салып, сондай-ақ бірқатар шығармашылық және тәжірибелік сайыстарда бақ сынады. Олардың қатарында — «Білімпаздар турнирі», «Жас реттеуші», «Велосипедті мәнерлеп жүргізу», «Автоқала», «Жас санитар», «ЖҚЕ білгірлері» және «Үгітбригада» байқаулары бар. Қатысушылар тәртіп пен жоғары дайындық деңгейін ғана емес, жолдағы қауіпсіз мінез-құлықты насихаттаудағы шығармашылық қабілеттерін де көрсетті.

 

Сондай-ақ «ЖЖЕ білгірі» аталымында үздік нәтиже көрсеткен және жол қозғалысы мәдениетін арттыруға белсенді үлес қосқан полиция қызметкерлері де марапатталды.

 

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Ерлан Омарбеков қатысушыларды құттықтап:

– Сіздер – біздің болашағымызсыздар. Бүгіннен бастап жолдағы мәдениетті қалыптастырып, құрдастарыңызға ережелер – қағаз жүзіндегі шарт қана емес, қауіпсіздіктің берік негізі екенін түсінуге көмектесіп жүрсіздер. Бір кездері мен де ЖЖИ отрядының командирі болғанмын. Бұл тәжірибе менің кәсіби жолымның бастауына айналды, – деді.

 

Мемлекетаралық есепте бірінші орынды Қазақстан құрамасы, ал екінші орынды Қырғызстан командасы иеленді.

 

Республикалық есептің қорытындысы: І орынды Қостанай облысының жас жол инспекторлары отряды, ІІ орынды Ақмола және Қарағанды облыстарының жас жол инспекторлары отрядтары, ІІІ орынды Алматы қаласы, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары иеленді, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер гироскутерлер, ноутбуктер, планшеттер, смарт-сағаттар, телескоптар және өзге де заманауи құрылғылармен марапатталып, әрбір қатысушыға естелік ретінде рюкзак пен монопод табыс етілді.

 

Қырғыз Республикасының өкілдеріне екі елдің ведомстволары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісі табыс етілді.

 

Мерейтойлық слёт ЖЖИ қозғалысының — көшбасшылықты, жауапкершілікті және заңға құрметпен қарауды қалыптастыратын шынайы мектеп екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – тек ережені білетін ғана емес, қауіпсіздік пен тәртіп құндылықтарын қорғай алатын жас ұрпақты тәрбиелейтін орта.

Басқа жаңалықтар

Back to top button