Ән Майра, әнші Майра, ару Майра: Семейде Майра Ильясованың шығармашылық концерті өтті

Семей қаласындағы Абай атындағы театрда Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың «Ән Майра, әнші Майра, ару Майра» атты шығармашылық концерті өтті. Бұл ерекше кеш Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған.
Шараның негізгі мақсаты — Майра Ильясованың өнері арқылы Абай мұрасын кеңінен насихаттап, ұлттық музыка мен рухани құндылықтарды дәріптеу.
Cонымен қатар, бұл кеш туған жермен рухани байланысты бекемдеуге бағытталған.
Абай облысының тумасы Майра Ильясова — қазақ эстрадасында өзіндік үні, қайталанбас стилі бар әнші. Ол бірнеше буын тыңдаушының жүрегіне жол тапқан, ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосқан тұлға. Бұл концерт оның туған топырағына деген шексіз ықыласы мен құрметін білдіретін рухани сапар.
Кеш барысында көрермендер назарына Абайдың әндері мен қазақ музыка өнерінің інжу-маржандары ұсынылды. Майра Ильясованың орындауындағы терең мағыналы, сырлы әндер көрерменге рухани әсер сыйлады.
Семейдегі кешпен шектелмей, 3–6 тамыз аралығында Майра Ильясованың шығармашылық сапары Абай облысының басқа өңірлерінде де жалғасын табады. Концерттік бағдарлама Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында өтпек.