Аймақтар

Адамзаттың алыбы – хакім Абай: Семейде мерейтойлық іс-шаралар басталды

Адамзаттың алыбы – хакім Абай: Семейде мерейтойлық іс-шаралар басталды

1 тамыз күні, Семей қаласындағы «Арена» мәдени-спорт кешенінде ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды мәдени іс-шаралардың салтанатты ашылуы өтті.

«Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мерейтойлық кеш — ұлы ақынның шығармашылығы мен рухани мұрасын ұлықтауға арналған маңызды мәдени оқиға. Іс-шараның мазмұны мен мәні – Абай мұрасын бүгінгі және келер ұрпаққа жаңаша форматта жеткізу, ұлттың мәдени коды ретінде қайта жаңғырту.

Мерейтойлық ашылу салтанатына ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, министрлер, Абай өңірінен шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ спорт пен өнер майталмандары қатысты.

Салтанатты кеште ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада мен опера әншісі Толқын Забирова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші, сазгер Гүлмира Сарина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ерлан Рысқали, Әнші, композитор Ұшқын Жамалбек өнер көрсетті.

Кештің қоюшы режиссері — Алтынбек Рахметов, ал жүргізушілері — танымал тележүргізушілер Сырым Қашқабаев пен Гүлнәз Әлімгерей болды.

Мерейтой аясында өтетін іс-шаралар легі бұдан әрі де жалғасады: ғылыми конференциялар, шығармашылық кездесулер, көрмелер мен театрландырылған қойылымдар жоспарланған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button