Аймақтар

Ұлытау облысының теміржолшысы мемлекеттік наградамен марапатталды

Көлік саласының кәсіби мерекесіне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен сала үздіктері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

 

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені Ұлытау облысының тұрғыны, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Қарағанды бөлімшесі» филиалының Жаңаарқа пайдалану локомотив депосының тепловоз машинисі Талғат Кәкішұлы Рахимовқа табысталды.

 

Теміржол саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Талғат Рахимов кәсіби шеберлігімен, тәртіптілігімен және жауапкершілігімен ерекшеленеді. Ол – еңбек әулетінің өкілі, бүгінде оның бауырлары мен туыстары да осы салада қызмет атқарады.

 

Марапат иесі өз ісінің нағыз маманы ретінде жас мамандарға тәлімгерлік етіп, теміржол саласына сіңірген еңбегімен зор құрметке ие болды.

 

ӨМІРБАЯНЫ МЕН ЕҢБЕК ЖОЛЫ

 

Рахимов Талғат Кәкішұлы 1965 жылдың 17 қаңтарында Қарағанды облысында дүниеге келген. Теміржол саласына ерте араласқан ол еңбек жолын небәрі 17 жасында, 1982 жылы дизельді қозғалтқыштарға қызмет көрсететін слесарьдің шәкірті ретінде бастаған.

 

1988 жылы Ақмола теміржол көлігі техникумын тәмамдап, кәсіби білімін шыңдай түсті.

• 1991 жылы тепловоз машинисінің көмекшісі болып ауыстырылды.

• 1996 жылы арнайы курсты аяқтап, машинист көмекшісі ретінде жұмысын жалғастырды.

• 1997 жылдан бастап тепловоз машинисі ретінде қызмет атқара бастады.

• 1999 жылы – 3-ші, ал 2001 жылы 2-ші біліктілік санаты берілді.

• 2007 жылы – локомотив бригадаларына машинист-нұсқаушы болып тағайындалды.

• 2010 жылдан бастап – «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Қарағанды бөлімшесі» филиалының Жаңаарқа пайдалану локомотив депосында маневрлік қозғалыс машинисі ретінде жұмыс істеп келеді.

 

Талғат Рахимов – техникалық тұрғыда сауатты, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары маман. Ол теміржол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үнемі жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді.

ЕҢБЕК ӘУЛЕТІНІҢ ӨКІЛІ

 

Талғат Кәкішұлы – нағыз еңбек әулетінің өкілі. Жаңаарқа локомотив депосында оның жақын туыстары да қызмет атқарады:

• ағасы Ертай Кәкішұлы – тепловоз машинисі,

• ағасы Төлеген Кәкішұлы – пескосушильді қондырғы слесары,

• қарындасы Дидар Кәкішқызы Бозмағамбетова – локомотив бригадаларының нарядшысы,

• сондай-ақ, бауырларының балалары да осы салада еңбек етіп жүр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button