Ыстанбұлда 48 сағат: Транзиттік сапарыңызды ұмытылмас оқиғаға айналдырыңыз

Тарих пен қазіргі заманды шебер тоғыстырған Ыстанбұл – тек мәдени астана ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі транзиттік торап.
2024 жылғы деректерге сәйкес, Ыстанбұл мен Сабиха Гөкчен халықаралық әуежайлары арқылы 40,5 миллион транзиттік жолаушы өткен. Егер сіздің де ұшақтар арасындағы бос уақытыңыз болса, оны Ыстанбұлда ұмытылмас 48 сағатқа айналдырудың уақыты келді.
1-КҮН: ТАРИХТЫҢ ТЕРЕҢІНЕ САЯХАТ
Таңғы уақыт:
Түрікше дәстүрлі таңғы аспен күніңізді бастаңыз да, бірден Сұлтанахмет алаңына жол тартыңыз. Мұнда сізді Hagia Sophia, Көк мешіт пен Базилика цистернасы қарсы алады. Әрбірі – ғасырлар қойнауынан сыр шертер сәулет өнерінің жауһарлары.
Түстен кейін:
Тарихи сапарыңызды Топқапы сарайында жалғастырыңыз немесе Ыстанбұл археология музейлеріне бас сұғыңыз. Мұнда Александр саркофагы, Қадеш келісімі және Иштар қақпасы сияқты баға жетпес жәдігерлерді көруге болады. Жаз мезгілінде музей түнгі сағат 22:00-ге дейін ашық.
Кешкісін:
Grand Bazaar бен Дәмдеуіштер базарында еркін серуендеп, кәдесыйлар мен түрік тәттілерін алыңыз. Ал кеш батқанда қала террасаларынан Босфорды тамашалап, бокал көтеріп, Ыстанбұлдың рухын сезініңіз.
2-КҮН: БОСФОР ЖАҒАЛАУЫ МЕН ҚАЛА ЫРҒАҒЫ
Таңғы уақыт:
Күніңізді Каракөйдегі симит пен шаймен бастап, Галатапорт бойымен серуендеңіз. Бұл – тек порт емес, заманауи галереялар, мейрамханалар мен сәнді дүкендер тоғысқан мәдени кеңістік. Мұнда Қала өнері музейі мен Сағат мұнарасын да көре аласыз.
Түстен кейін:
Тарихи Туннель арқылы Истикляль көшесіне көтеріліп, Галата мұнарасына шығыңыз – онда қаланың керемет панорамалық көрінісі ашылады. Одан кейін Истикляль көшесінің өзі – көрмелерге, дүкендерге, көше музыканттарына және, әрине, атақты қызыл трамвайға толы жанды орын. Ал манайындағы Бейоғлу балық базарында көше тағамдарын – балық-экмек, мидия және тұздалған қияр шырынын татып көріңіз – бұл нағыз жергілікті атмосфера!
Кешкісін:
Сапарыңызды Michelin жұлдызына ие мейрамханада сәнді кешкі аспен аяқтаңыз. Анадолы асханасының жаңаша өңделген мәзірінен бастап, вегетариандық мәзірлерге дейін – талғамыңызға сай әртүрлі нұсқалар бар.