Электрмен қамту мәселесі шешілуде: жаңа қосалқы станса салынады

Мемлекет басшысының Алакөл жағалауындағы туристік инфрақұрылымға қатысты сынынан кейін облыс әкімінің тапсырмасымен оның орынбасары Серік Туленбергенов аудан басшылығының және жауапты мемлекеттік мекемелердің қатысуымен көл басында шұғыл жиын өткізді. Онда демалушыларға қолайлы жағдай жасау, санитарлық тазалық пен қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.
Көл жағасына құқық қорғау органдарымен бірге рейд жүргізіп, тәртіптік шараларды күшейтеді. Соның ішінде моторлы қайық иелерінің қызмет көрсетулері қатаң тексеріледі. Тазалық мәселесі қарастырылып, қоқыс тастаған сауда орындары мен демалыс үйлеріне айыппұл салынады.
Алакөлдің Абай облысындағы жағалауына биыл ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұған дейін наурыз айынан бастап, облыс әкімі Берік Уәли туристік орынға 3 рет барып, көшпелі жиындар өткізген. Алакөл жағалауына 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осыны ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 миллион теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыдан Арбат алаңын жөндеуге 108,9 млн тг, жаңа қоғамдық кеңістік құруға 171,6 млн тг, жағалауды абаттандыруға 107,5 млн тг бағытталды. 25 киім ауыстыратын орын, 50 контейнер, 2 биотуалет орнатылды. 7 пирстің 3-еуі орнатылып, құтқару мұнаралары мен жағажайды жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар жағалауда құтқару станциясының құрылысы басталды. Аталған станция Алакөл аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, салдарын жою, алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасау, адам өмірін сақтау мен жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосы салынуда. Екі өрт сөндіру автокөлігіне арналған бекет Алакөл маңы мен аумағындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
*Тазалық сақтау және тұрмыстық қалдықтарды шығару*
Бұл бағытта қосымша 100 қоқыс контейнері мен 75 урна орнатылған. Бүгінде жалпы 110 контейнер бар. Арбат аумағында тазалық жұмыстары әр 30 минут сайын, ал жағалауда күніне үш рет жүргізіледі. Қалдықтарды өңдеуге арналған полигон құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
*Әжетханалар мен санитарлық тораптар*
Биыл жағалаудағы санитарлық тораптар саны 8-ден 18-ге дейін көбейтіледі. Қазірдің өзінде 10-ы орнатылды.
*Электр энергиясы тапшылығын шешу*
Жаңа «Алаколь» қосалқы стансасы мен жоғары кернеулі желілер құрылысына жобалар дайындалды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың қазан айында аяқталады.
*Қауіпсіздік мәселесі*
Құтқарушылар мен инструкторлар күнделікті кезекшілік жүргізеді. 5 құтқару мұнарасы, 6 адамнан тұратын арнайы топ жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар министрлігі және көлік инспекциясы жағажай аймағында су көліктеріне тұрақты рейдтер жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде 30 су көлігі тексеріліп, 12 әкімшілік хаттама толтырылған.
*Кәсіпкерлермен жұмыс*
Ақылы қызмет көрсететін кәсіп иелерімен (катер, шезлонг, асхана, демалыс базалары және т.б.) салықтық міндеттемелер мен кассалық аппарат қолдану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Абай облысының әкімдігі Президент тапсырмасына сәйкес барлық шараларды жедел қолға алып, Алакөл жағалауындағы ахуалды жақсарту бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыра береді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ