Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті форумы Өскеменде басталды

Бүгін Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті форумы өз жұмысын бастады. Алаң ірі, шағын және орта бизнес өкілдерін, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус мүшелерін біріктірді. Форумның ашылуына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тікелей қатысты.

 

Форум аймақтың жаңа жобалар мен стратегиялық әріптестікке ашық екендігінің символына айналды. Шығыс Қазақстан – бұл жерде сапалы агроөндіріс құруға, туризмді, көлік-логистика және өнеркәсіп кластерлерін дамытуға барлық мүмкіндік бар екенін сенімді түрде көрсетіп отыр. Сонымен қатар, мұның бәрін тұрақты өсімге, экологиялық тазалыққа және экспортқа бағытталуға сүйене отырып жүзеге асыру жолдары нақты анықталған.

 

Форумның маңызды қонақтарының қатарында – Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик, Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богданов, Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов, Қырғыз Республикасы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеев болды. Сонымен қатар, Қытай, Бельгия және Швеция елдерінің дипломатиялық миссияларының кеңесшілері мен өкілдері, сондай-ақ Дүниежүзілік банк делегаттары да форумға қатысты.

 

Форумды ашқан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақтың қуатты өнеркәсіптік, ғылыми және табиғи әлеуетке ие екенін, әрі тұрақты даму, технологиялық жаңғыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті:

 

«Біз үшін достас елдердің дипломатиялық миссия өкілдерін қабылдау – үлкен мәртебе. Шығыс Қазақстан табиғи ресурстарға бай, қорғасын, мырыш, титан, алтын, күміс өндіруде көш бастап тұр. Біз тантал өнімдерін және атом энергетикасына арналған бірегей уран отынын шығарамыз, сондай-ақ бериллий жеткізуде әлем бойынша үздік үштікке кіреміз. Бүгінде әріптестік жоғары қосылған құны бар жоғары технологиялық салаларға – өңдеуден бастап терең индустрияландыруға дейін бағытталып отыр. Біз қолайлы және болжамды іскерлік орта қалыптастырып, инфрақұрылымды дамытып, әрбір инвесторға жеке көзқарас ұсынамыз», – деді облыс басшысы.

 

Пленарлық сессияда аймақ келбетін түбегейлі өзгертіп, дамудың қозғаушы күшіне айналуға қабілетті жобалар таныстырылды:

• Өскемен қаласында (Согра ауданы) голланд технологиясы бойынша 10 гектар жылыжай кешенін салу. Негізінен қызанақ өсіру, әрі қарай экспорттау жоспарланған.

• Зайсан ауданында талқан мен тары өндіру цехы – салауатты тамақтану трендтеріне бағытталған. Аудан қажетті дақылдарды өсіруге қолайлы агроклиматтық жағдайларға ие.

• Ет және жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы – жылына 122 миллион жұмыртқа мен 260 тонна ет. Жобаның барлық негізі бар: жемшөп базасы, алаң, логистика және мемлекеттік қолдау.

• Экспортқа бағытталған ет комбинаты – АӨК саласындағы өңдеуді дамыту басты басымдықтардың бірі болып отыр.

• Курорттық инфрақұрылымды дамыту: Риддерде SPA-орталық, Марқакөлде сауықтыру кешені, Катонқарағайда тау шаңғысы курорты, Өскеменде қонақ үйлер мен аквапарктер. Бұл жобалар экотуризм, денсаулық және жоғары сапалы қызметке сұранысқа сай келеді.

• Құрылыс саласын дамыту – кірпіш, темір-бетон бұйымдары және құрғақ құрылыс қоспалары зауыттарын іске қосу.

• Қалдықтармен кешенді жұмыс: пластик пен өндірістік қалдықтарды өңдеу кәсіпорны, қоқыс түсіру станциялары.

• Инфрақұрылымдық жоба – Тұғыл өзенінде порт салу. Бұл көлік, логистика және сауда үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

Аймақ инвесторларға тек идеяларды ғана емес, дайын базаны да ұсынады: жер, ресурстар, логистика және басқарылатын тәуекелдер. Шығыс Қазақстан инвестиция қабылдауға ғана емес, екі тарап үшін де тиімді әріптестікке дайын екенін көрсетіп отыр.

 

Форум панельдік сессиялар сериясымен жалғасады, онда инвесторлар жобаларға қатысу шарттарын егжей-тегжейлі талқылай алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button