Жезқазған қаласында құрылып жатқан Ұлытау техникалық университетінің базасында әлемдегі №1 тау-кен мектебінің филиалы ашылады

2026 жылы Қазақстанда тау-кен ісі мен инженерия саласындағы беделді жоғары оқу орны – Colorado School of Mines университетінің әлемдегі алғашқы филиалы ашылады. QS WUR пәндік рейтингінде «Минералды және тау-кен инженериясы» бағыты бойынша әлемде бірінші орынды иеленетін бұл университеттің Қазақстанда ашылатын филиалы Орталық Азиядағы академиялық хабтың қарқынды дамуының жарқын көрінісі болмақ.
Шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын Қазақстанға тарту бойынша жүргізілген жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Colorado School of Mines университеті арасында аталған оқу орнының филиалын Қазақстанда ашу туралы келісімге қол қойылды.
Қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Colorado School of Mines университетінің жаһандық бастамалар жөніндегі вице-президенті Джон Брэдфорд және Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Шарлапаев қатысты.