Жаңалықтар

“Алтай — алтын бесігім”: Катонқарағайда халықаралық ақындар айтысы басталды

Алтайдың асқақ төрінде, табиғаты тамсандырған киелі Катонқарағай жерінде ұлттық рухты асқақтатар ерекше мәдени оқиға — “Алтай — алтын бесігім” атты халықаралық ақындар айтысы өз шымылдығын түрді. Бұл шара — тек жыр додасы ғана емес, түбі бір түркі елдерінің рухани үндестігін айшықтайтын айтулы басқосу, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Табиғат пен тарих тоғысқан өңірде басталған айтыс республикалық деңгейдегі мәдени іс-шаралардың жалғасы ретінде ұйымдастырылып отыр. Айтыстың алғашқы жұбын Абай облысынан келген суырыпсалма ақын Рүстем Қайыртай мен Қырғызстаннан арнайы ат арытып жеткен Нұрсұлтан Балдыбаев бастап берді. Қос елдің жыр жүйріктері өнер мен ойдың бәйгесінде жұртшылықты рухани ләззатқа бөлеп, көрерменді терең тебіреніске бөледі.
Айтысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, елге кеңінен танымал сөз сайысының саңлақтары бас қосуда. Атап айтқанда, айтыс өнерінің ақтаңгерлері — Дидар Қамиев, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан сынды ауызымен құс тістеген дүлдүл ақындар аламанға қатысып, көрермен көңілін дүр сілкіндірмек.
Ұлттық мұраны ұлықтап, жастарға рухани азық болатын жыр сайысы — тек өнер додасы ғана емес, бауырлас халықтардың арасындағы мәдени байланыстарды нығайтатын алтын көпір.
Катонқарағай төріндегі бұл дүбірлі думан — ел руханиятының алтын арқауына айналған, ұлттық өнердің мәңгілікке мұра болар айшықты көрінісі. Айтыстың әрбір айналымы, әр тартысы шежірелі тарихтың жаңа беттерін ашып, ұлт рухын асқақтатып тұр.

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button